22 қазан күні кешке Қытайдың Тибет автономиялық ауданында магнитудасы 7,0 болатын жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Қытайдың сейсмологиялық орталығына (CENC) сілтеме жасаған жергілікті БАҚ хабарлады.
Сейсмологтардың мәліметінше, жер сілкінісі Бейжің уақытымен сағат 22:33-те, ал Алматы уақытымен 19:33-те болған. Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Нагчу қалалық округінің аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 10 шақырым тереңдікте болған.
Эпицентрдің координаттары — солтүстік ендіктің 32,40 градусы және шығыс бойлықтың 93,79 градусы.
Алғашқы автоматты есептеулер бойынша жер сілкінісінің магнитудасы шамамен 6,7 деп бағаланған. Кейін Қытайдың сейсмологиялық орталығы ресми мәліметті нақтылап, магнитудасын 7,0-ге дейін көтерді.
Материалға негіз болған алғашқы хабарламаларда қаза тапқандар мен зардап шеккендер, сондай-ақ ықтимал қираулардың ауқымы туралы ақпарат берілмеген.