Қазақстан экологиялық рейтингте аймақ көшбасшысы атанды. Алайда Орталық Азиядағы бірінші орын елдегі экологиялық жағдайдың барлық бағытта жақсы екенін білдірмейді. Қазақстан экожүйелердің жай-күйі мен биоалуантүрлілікті сақтау көрсеткіштері бойынша әлемдегі алғашқы жүз елдің қатарына кіре алмады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы АҚШ-тың Йель және Колумбия университеттерінің зерттеушілері әзірлеген 2026 жылғы Экологиялық тиімділік индексінің (Environmental Performance Index, EPI) нәтижелерінен белгілі болды. Рейтингке 177 мемлекет енді. Елдер ауа сапасы, су ресурстары, қалдықтарды басқару, климат саясаты және табиғи ортаның жағдайын қамтитын 47 көрсеткіш бойынша бағаланды.
Қазақстан Өзбекстаннан 37 орынға озып кетті
Әлемдік рейтингте Қазақстан 100 мүмкін балдың 41,26-сын жинап, 84-орынға тұрақтады. Бұл Орталық Азиядағы бес мемлекеттің ішіндегі ең жоғары нәтиже.
Аймақ елдерінің көрсеткіштері мынадай:
- Қазақстан — 84-орын, 41,26 балл.
- Өзбекстан — 121-орын, 34,79 балл.
- Түрікменстан — 123-орын, 34,64 балл.
- Қырғызстан — 131-орын, 33,75 балл.
- Тәжікстан — 165-орын, 26,75 балл.
Қазақстан ең жақын бәсекелесі Өзбекстаннан 37 орынға, ал Қырғызстаннан 47 орынға жоғары орналасқан.
Дегенмен әлемдік деңгейде бұл көрсеткішті аса жоғары деп айту қиын. Қазақстан рейтингтің орта тұсында тұр және көшбасшы Эстониядан 33 балдан астам артта қалған.
Эстония 74,79 балмен бірінші орын алды. Одан кейін Люксембург (74,24 балл) пен Ұлыбритания (71,51 балл) орналасқан. Әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына тек Еуропа елдері енді.
Ауа сапасы бойынша Қазақстан Түрікменстаннан артта қалды
Зерттеудегі ең назар аударарлық көрсеткіштердің бірі — тұрғындар тыныстайтын ауаның сапасы.
Қазақстан бұл санатта әлем бойынша 92-орынға тұрақтады. Ал Түрікменстан 53-орынға көтеріліп, аймақта көш бастады.
Қырғызстан 131-орынды, Өзбекстан 159-орынды, Тәжікстан 168-орынды иеленді.
EPI әдістемесі ауаның ластануы адам денсаулығына қаншалықты әсер ететінін бағалайды. Соның ішінде PM2.5 ұсақ бөлшектерінің, озонның және басқа да зиянды заттардың ықпалы есепке алынады.
Қазақстан үшін бұл көрсеткіштің маңызы зор. Өйткені жалпы экологиялық рейтингтегі көшбасшылық атмосфераның ластануына қатысты мәселелер шешілді дегенді білдірмейді.
Бұған дейін біз Қазақстанның қай өңірлерінде өнеркәсіптік шығарындылар көп екенін және Алматыдағы ауа сапасы неге өзекті мәселе болып отырғанын жазған едік. Кәсіпорындар шығаратын зиянды заттардың көлемі мен тұрғындар тыныстайтын ауаның нақты сапасы әртүрлі көрсеткіштер арқылы бағаланады.
Экожүйелердің жағдайы бойынша Қазақстан небәрі 122-орында
Табиғи экожүйелердің жағдайын бағалағанда Орталық Азия елдерінің рейтингі мүлде басқаша қалыптасты.
Бұл бағытта Өзбекстан көш бастады. Көрші ел 43,18 балл жинап, әлемде 90-орынға ие болды.
Түрікменстан 96-орынға, Тәжікстан 115-орынға жайғасты. Қазақстан 122-орынмен шектеліп, аймақта тек 133-орындағы Қырғызстаннан озды.
Биоалуантүрлілік пен табиғи ортаны сақтау көрсеткіші бойынша да Қазақстанның нәтижесі жоғары емес — 128-орын.
Бұл санатта Орталық Азия бойынша ең жақсы көрсеткіш Тәжікстанға тиесілі. Ел әлемдік рейтингте 119-орынға көтерілді.
Сонда жалпы экологиялық рейтингте аймақ көшбасшысы атанған Қазақстан табиғатты сақтауға қатысты кейбір маңызды көрсеткіштер бойынша көршілерінен қалып қойған.
Климат саясаты бойынша Қазақстан әлемдегі алғашқы 70 елге енді
Климат саясаты бағытында Қазақстанның нәтижесі әлдеқайда жақсы.
Еліміз 43,3 балл жинап, әлемде 67-орын алды. Бұл да Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш.
Қырғызстан 106-орынға, Өзбекстан 136-орынға, Тәжікстан 159-орынға, Түрікменстан 161-орынға тұрақтады.
EPI-дің Қазақстанға арналған деректеріне сәйкес, соңғы он жылда елдің климат саясаты бойынша бағасы 27,91 балға жақсарған.
Бірақ бұл бағыттың өзінде айтарлықтай айырмашылық бар.
Көмірқышқыл газы шығарындыларының өзгерісі бойынша Қазақстан әлемде 28-орынға ие болса, метан шығарындылары бойынша 127-орында, ал азоттың шала тотығы бойынша 159-орында тұр.
Демек кейбір парниктік газдар бойынша оң нәтиже болғанымен, басқа шығарындыларға қатысты көрсеткіштер әлі де төмен.
Ауызсу бойынша Қазақстан алда, қалдықтарды басқаруда Өзбекстан озды
Ауызсудың қауіпсіздігі мен санитариялық жағдай көрсеткішінде Қазақстан әлем бойынша 59-орын алды.
Өзбекстан небәрі үш саты төмен, 62-орында орналасқан. Түрікменстан 79-орынды, Қырғызстан 81-орынды, Тәжікстан 118-орынды иеленді.
Ал қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару бағытында Өзбекстан алға шықты.
Көрші ел әлемде 67-орынға тұрақтаса, Қазақстан 74-орын алды. Қырғызстан 108-орында, Түрікменстан 163-орында, Тәжікстан 165-орында қалды.
Мұнда қалдықтарды қайта өңдеу үлесі ғана емес, оларды қоршаған ортаға зиян келтірмей басқару деңгейі де бағаланады.
Аймақтағы тағы бір күрделі мәселе — қорғасынның адам денсаулығына әсері.
Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 118-орынмен аймақ көшбасшысы атанды. Ал Қырғызстан 168-орынға, Түрікменстан 169-орынға, Өзбекстан 170-орынға, Тәжікстан 174-орынға орналасты.
Орталық Азияның төрт мемлекеті осы көрсеткіш бойынша әлемдегі ең төмен нәтиже көрсеткен он елдің қатарына кірді.
Түрікменстан орманды сақтау бойынша әлемде бірінші орын алды
Зерттеудегі ең күтпеген нәтижелердің бірі табиғи аумақтарды сақтауға қатысты болды.
Ормандар санатында Түрікменстан әлем бойынша бірінші орынға шықты.
Өзбекстан алтыншы, Тәжікстан сегізінші, Қырғызстан он бірінші орынға ие болды. Ал Қазақстан 64-орында қалды.
Шалғындар мен жайылымдарды сақтау көрсеткішінде де Түрікменстан үздік ондыққа кіріп, сегізінші орын алды. Қазақстан 24-орынға тұрақтады.
Дегенмен бұл Түрікменстанда орман немесе жайылым көлемі әлемдегі ең үлкен деген сөз емес.
Рейтинг орман жамылғысының қаншалықты азайғанын және табиғи шалғындар мен жайылымдардың басқа мақсаттағы жерлерге айналу деңгейін есепке алады.
Сондықтан орман аумағы шағын елдің өзі ағаш жамылғысын аз жоғалтса, жоғары нәтиже көрсете алады.
Ауыл шаруашылығында Қазақстан 32-орында, ал ағынды суды тазартуда 103-орында
Ауыл шаруашылығының экологиялық көрсеткіштері бойынша Қазақстан әлемде 32-орынға көтерілді. Бұл — еліміздің EPI рейтингіндегі ең жақсы нәтижелерінің бірі.
Тәжікстан 96-орынға, Өзбекстан 121-орынға, Қырғызстан 123-орынға, Түрікменстан 135-орынға тұрақтады.
Бұл санатта тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалану, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігіне қатысты экологиялық көрсеткіштер бағаланады.
Ал ағынды суларды тазарту бойынша жағдай керісінше.
Өзбекстан әлемде 14-орын алып, Орталық Азиядағы ең жоғары нәтижені көрсетті.
Қазақстан небәрі 103-орында қалды. Түрікменстан 92-орынға, Қырғызстан 116-орынға, Тәжікстан 154-орынға орналасты.
Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы айырмашылық 89 орынға жетті.
Бұл нәтиже жалпы рейтингтегі артықшылық экологиялық инфрақұрылымның барлық бағытында көшбасшылықты қамтамасыз етпейтінін көрсетеді.
Қазақстан EPI-2026 рейтингінде Орталық Азияның ең жоғары нәтижесіне қол жеткізді. Климат саясаты мен ауыл шаруашылығының экологиялық көрсеткіштері бойынша да көршілерінен озып отыр.
Соған қарамастан экожүйелердің жағдайы, биоалуантүрлілікті сақтау және ағынды суларды тазарту бағыттарында елдің позициясы әлдеқайда төмен.
Ал адам денсаулығына тікелей әсер ететін PM2.5 ұсақ бөлшектерінің ықпалы бойынша Қазақстан 177 мемлекеттің ішінде 142-орынға ғана тұрақтаған.
Бұл көрсеткіш елдегі экологиялық жағдай туралы Орталық Азиядағы бірінші орыннан кем мәлімет бермейді.