Қазақстан Physical AI орталығына айналуды көздейді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, бұл мақсат NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг пен Премьер-Министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің Астанадағы ашық әңгімесінің негізгі тақырыбы болды. Кездесу alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында fireside chat форматында өтт, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тараптар Қазақстанның энергетикалық әлеуетін, өнеркәсібі мен есептеу қуаттарын жаңа технологияларды дамытуға қалай пайдалануға болатынын талқылады. Әңгіме дайын шешімдерді енгізумен қатар, ел ішінде әлемдік нарыққа шығатын өнімдер мен компаниялар қалыптастыру туралы өрбіді.
«Президенті жасанды интеллектті дамытуды ұлттық басымдық деп жариялаған Қазақстан мен барған алғашқы ел болды. Жасанды интеллект еліңіздің жаңа деңгейге көтерілуіне, адамдардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ компаниялардың жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті болып, ауқымын кеңейтуіне көмектеседі. ЖИ қоғамды өзгертеді. Егер сіздің алға қойған мақсатыңызбен өршілдігіңіз болса, оларды қалыптастыруға көмектесетін көшбасшылық қажет. Президент Тоқаев дәл осындай өршіл мақсат қойды. Ол Қазақстанды AI-ұлтқа айналдыруды көздейді. Бүгін танысқан барлық компания табысты болып, жаһандық деңгейге шығып, халықаралық нарықта жұмыс істеуге ұмтылады. Жасанды интеллект осы мақсаттарға жетуге көмектеседі. Ең бастысы, сіздің өршіл мақсатыңыздың болуы. Егер сізде айқын мақсат пен ұмтылыс болса, жасанды интеллект пен робототехника жаңа деңгейге көтерілуге және мүмкіндіктеріңізді кеңейтуге көмектеседі. Егер сіз ғалым болсаңыз, ЖИ-көмекші әлдеқайда ауқымды зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Ал инженер болсаңыз, ЖИ құралдары бұдан да тиімді техникалық шешімдер табуға көмектеседі», – деді Дженсен Хуанг.
Physical AI Қазақстанға не үшін қажет?
Physical AI — нақты физикалық ортада әрекет ететін жасанды интеллект. Генеративті модельдер мәтін, сурет немесе бағдарламалық код жасаса, бұл бағыт роботтарды, автономды көліктерді және өндірістік жүйелерді басқарумен байланысты.
Қазақстан үшін оның қолданылу аясы кең. Тау-кен өндірісі, металлургия, энергетика, ауыл шаруашылығы мен көлік салаларында күрделі процестер, ауқымды инфрақұрылым және адамға қауіпті жұмыс учаскелері бар. Осындай орта жаңа технологияларды әзірлеуге және олардың тиімділігін тәжірибеде тексеруге мүмкіндік береді.
«Қазақстан AI-ұлтқа айналуды көздейді. Жасанды интеллект когнитивтік мүмкіндіктерден басталғанымен, Physical AI, яғни физикалық жасанды интеллект бағыттарын да қамтиды. Бұл ең ірі салалардың бірі, өйткені бізді қоршаған әлемнің басым бөлігі физикалық ортамен өзара әрекеттесуге және оны түсінуге байланысты. Қазақстанда бұл технологияларды қолдануға болатын маңызды бағыттар бар. Олар: тау-кен өнеркәсібі, табиғи ресурстар және ауыл шаруашылығы. Осы салалардың барлығы Physical AI дамуының келесі кезеңінен пайда көреді. Бұл Қазақстан үшін саланың болашағын қалыптастыруға қатысуға берілген тамаша мүмкіндік», – деп атап өтті Хуанг.
Жаслан Мәдиев бұл бағыттағы міндетті инфрақұрылым, мамандар даярлау және нақты сектордағы сұраныспен байланыстырды. Қазақстанның мақсаты — халықаралық технологияларды пайдалана отырып, өз әзірлемелерін де қалыптастыру.
«Қазақстан Physical AI саласындағы әлемдік орталықтардың біріне айналуды мақсат етіп отыр. Осы мақсатқа жету үшін қажетті инфрақұрылымды жүйелі түрде қалыптастырып келеміз: есептеу қуаттарын арттырып, мамандар даярлауға инвестиция салып, жасанды интеллектті экономиканың нақты секторына енгізуге жағдай жасаудамыз. NVIDIA компаниясымен ынтымақтастық өнеркәсіпте, энергетикада, көлікте және робототехникада озық технологияларды қолдануға мүмкіндік береді. Біз дайын жасанды интеллект шешімдерін пайдаланумен ғана шектелмей, Қазақстанда жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті өз технологияларымызды дамытуды көздейміз», - деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
NVIDIA-ның графикалық технологиядан ЖИ инфрақұрылымына дейінгі жолы
Дженсен Хуанг NVIDIA компаниясын 33 жыл бойы басқарып келеді. Осы уақытта компания видеокарта өндірушісінен жасанды интеллектке арналған есептеу инфрақұрылымының негізгі жеткізушілерінің біріне айналды. Оның чиптері ChatGPT, ірі бұлттық платформалар және әртүрлі елдердің ұлттық ЖИ бағдарламаларында қолданылады.
Министрлік ұсынған материалда NVIDIA нарықтық капитализациясы $4 трлн және $5 трлн межелерінен алғаш өткен компания ретінде сипатталған. Сол дерекке сәйкес, 2026 жылғы қазанның басында оның нарықтық құны шамамен $5,8 трлн болған. Бұл — көрсетілген кезеңге қатысты бағалау.
Хуангтың түсіндіруінше, жасанды интеллект жаңа өнеркәсіптік революцияға жол ашып отыр: энергия өндіруге электр станциялары қажет болса, интеллект өндіруге есептеу қуаттары керек. Қазақстанның энергетикасы мен технологиялық инфрақұрылымын бірге дамыту мәселесі осы тұста тоғысады.
Есептеу қуаты: Alem.Cloud-тан Data Center Valley-ге дейін
Жасанды интеллект модельдерін оқыту мен іске қосу қуатты есептеу жүйелерін қажет етеді. Қазақстанда осы бағытта бірнеше жоба дамып келеді:
- NVIDIA H200 графикалық процессорларына негізделген Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері әлемдегі үздік 100 суперкомпьютер қатарына енді.
- Алматыда AI-Farabium есептеу кешені жұмыс істейді.
- Екібастұзда қуаты шамамен 300 МВт болатын, болашақта 1 ГВт-қа дейін кеңейту мүмкіндігі қарастырылған Data Center Valley деректер орталықтары кластері дамытылуда.
Материалда жаңа энергетикалық қуаттар іске қосылған сайын ЖИ кластерінің қуатын 5 ГВт-қа дейін жеткізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылған. Бұл көрсеткіш жұмыс істеп тұрған нысанның қуатын емес, болашаққа арналған ықтимал бағдарды білдіреді.
Мұндай инфрақұрылымның экономикалық мәні — модельдерді ел ішінде оқытуға, жергілікті деректермен жұмыс істеуге және отандық компаниялардың өз өнімдерін дамытуына жағдай жасау. Есептеу ресурстары мен тұрақты энергиямен жабдықтау осы процестің өзара байланысты бөліктеріне айналып отыр.
Цифрлық егіз өндірісті қалай өзгертеді?
Physical AI-ды дамытуда кәсіпорындардың цифрлық егіздері маңызды орын алады. Бұл — нақты өндірістің виртуалды моделі: инженерлер онда процестерді зерттеп, өзгерістердің ықтимал әсерін тексеріп, роботтарды үйрете алады.
Мұндай тәсіл нақты цехтағы жұмысты өзгертпей тұрып, шешімді виртуалды ортада сынауға мүмкіндік береді. Материалда келтірілген мысал бойынша, тайваньдық Wistron электроника өндірушісі цифрлық егіздің көмегімен зауытты әдеттегі бес айдың орнына екі жарым айда іске қосқан.
«Робототехника дәуірі келді. Physical AI дәуірі де келді», - деп сипаттайды Хуанг бұл өзгерісті.
Кездесуге қатысушылар халықаралық әзірлеушілерді Қазақстанның өндірістік нысандарында технологияларын сынауға тарту мәселесін талқылады. Тау-кен және металлургия кешендері, энергетикалық нысандар мен көлік инфрақұрылымы осындай жұмыстарға негіз бола алады.
Алайда Physical AI қолданылатын бағыттар роботтардың қозғалысын басқарудан әлдеқайда кең. Ол кен орындарын зерттеу, материалдардың қасиеттерін талдау және өңдеу технологияларын жетілдіру сияқты міндеттерді де қамтиды.
«Physical AI тек робототехникамен шектелмейді. Ол сейсмикалық зерттеулер мен шахталар және ұңғымаларды картаға түсіруден бастап, геологияны, материалтануды және химиялық өңдеу үдерістерін қамтиды. Жасанды интеллект осы бағыттардың әрқайсысын түбегейлі өзгертеді. Пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеуден бастап, жаңа материалдар жасауға дейін Physical AI әр кезеңде жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Хуанг.
NVIDIA Higgsfield AI стартапына инвестиция салады
Ашық әңгіме барысында Жаслан Мәдиев NVIDIA компаниясының қазақстандық Higgsfield AI стартапына инвестиция салатынын жариялады. Генеративті видео саласында жұмыс істейтін компания отандық технологиялық командалардың халықаралық нарыққа шығуының мысалы ретінде аталды.
Higgsfield AI мәліметінше, компанияның бағалануы $9 млрд-тан асқан. Іске қосылғаннан кейін бір жарым жыл ішінде жылдық есепке келтірілген кіріс қарқыны $1 млрд-қа жеткен. Бұл көрсеткіш толық жыл бойы алынған кіріспен бірдей емес: ол ағымдағы кіріс қарқынын жылдық өлшемге келтіреді.
Компанияның 600-ден астам қызметкері Қазақстанда жұмыс істейді. Хуанг команданың әлеуетін бағалай отырып, оның негізін қалаушылардың стратегиялық көзқарасы мен күрделі идеяны жүзеге асыруға қажетті біліктілігін атап өтті.
Оның бағалауынша, Сан-Франциско мен АҚШ-тың өзге технологиялық орталықтарындағы қомақты қаржыландырылатын компаниялармен бәсекелестікке қарамастан, Higgsfield AI әлемдегі дарынды мамандарды біріктірген.
«Компанияға инвестиция салғанда, ең алдымен адамдарға инвестиция саласың. Сондықтан ең үздіктерді таңдай білу маңызды», – деді Дженсен Хуанг.
Жаңа технологияға мамандарды кім даярлайды?
Қазақстандағы технологиялық компаниялардың дамуына Astana Hub экожүйесі ықпал етеді. NVIDIA Inception бағдарламасы стартаптарға компанияның технологиялары мен сараптамасына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Болашақ инженерлерді даярлауға alem.ai, TUMO Astana, Tomorrow School және жетекші университеттер қатысады. Тараптар QAIRU базасында NVIDIA Deep Learning Institute өңірлік орталығын құру мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Пилоттық бағдарламаға 12 техникалық университеттің өкілдері қатысқан.
Бұл бағыттағы жұмыс есептеу инфрақұрылымын салумен қатар жүреді. Өйткені қуатты жабдықты нақты өнімге айналдыру үшін модельдермен жұмыс істейтін, өндірістік міндетті түсінетін және технологияны енгізе алатын мамандар қажет.
«Ата-ана ретінде біздің міндетіміз – балалардың бойында үмітті, өршілдікті және үлкен жетістіктерге ұмтылысты қалыптастыру, олардың кеңірек ойлап, биік мақсаттар қоюына көмектесу. Ал олар алдына үлкен мақсаттар қойған кезде, жасанды интеллект сол мақсаттарға жетуге көмектеседі. Бұл қағида балаларға да, ересектерге де, компанияларға да, тұтас елдерге де бірдей қатысты», – деді Хуанг.
Қазақ тіліндегі модельдер және технологиялық дербестік
Кездесу тақырыптарының бірі ұлттық тілдік модельдерді дамыту болды. Хуанг әр елдің өз тілі мен мәдени деректерін ұлттық модельдерде қамтуын маңызды міндет деп санайды.
Қазақстан үлкен және шағын тілдік модельдер әзірлеп келеді. KazLLM мен AlemLLM жобалары қазақ тілін және жергілікті пайдаланушылардың қажеттіліктерін ескеретін ЖИ жүйелерін дамытуға негіз болады.
Бұл жұмыс елдің цифрландыру жөніндегі жалпы бағытымен сабақтас. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» Жолдауында үш жыл ішінде елді толық цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.
Президент жанындағы Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңеске Кай-Фу Ли, Питер Норвиг және Джон Хопкрофт секілді халықаралық сарапшылар кірген.

Шикізаттан технология экспортына дейінгі мүмкіндік
Қазақстан ұсынған бағыт бірнеше артықшылықты біріктіруге негізделеді: энергетикалық әлеует, жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп, салалық деректер, есептеу ресурстары және инженерлік кадрлар. Осылардың өзара байланысы елді технология әзірлейтін және сынайтын алаң ретінде дамытуға мүмкіндік береді.
Мұндай жобалар іске асқан жағдайда жергілікті инженерлер мен бағдарламашыларға сұраныс артуы мүмкін. Ал шахталарда, кеніштерде және энергетикалық нысандарда автономды жүйелер қауіпті жұмыстардың бір бөлігін атқарып, еңбек қауіпсіздігі мен өндіріс тиімділігін арттыруға көмектесе алады.
Әлемдік Physical AI орталығына айналу әзірге стратегиялық мақсат болып отыр. Оның нәтижесі инфрақұрылымның іске қосылуына, мамандар даярлауға және әзірлемелердің нақты өндірісте қолданылуына байланысты болмақ.
Fireside chat аяқталғаннан кейін Дженсен Хуанг alem.ai орталығының Тілектер кітабына естелік жазба қалдырды. Оның сапары NVIDIA бас серіктес болған AI Month іс-шаралар топтамасын қорытындылады. Бағдарлама 23 қыркүйекте HackAlem AI халықаралық хакатонынан басталып, аталған жарыс ЖИ хакатонына қатысушылар саны бойынша GUINNESS WORLD RECORDS™ рекордын орнатқан.
Бұған дейін біз Дженсен Хуангтың Астанада Қазақстанның ЖИ экожүйесімен танысқаны туралы жазған едік. Сол сапарда оған отандық стартаптар, есептеу инфрақұрылымы және білім беру жобалары таныстырылған болатын.


