Алматыда әлемнің танымал гроссмейстерлері мен Қазақстанның ең мықты шахматшылары бас қосқан KazChess Masters Almaty 2026 халықаралық турнирі басталды. Әлем чемпионаттары мен Шахмат олимпиадаларының жеңімпаздары және жүлдегерлері қатысатын додада он ойыншы 25 миллион теңге жүлде қорын сарапқа салады. 26 қазан мен 3 қараша аралығында өтетін жарыстың қатысушылары мен күнтізбесі халықаралық Chess-Results турнирлік жүйесінде жарияланған.
Турнирдің басты ерекшелігі – әлемдік деңгейде тәжірибе жинаған бес шетелдік гроссмейстер мен Қазақстанның бес шахматшысы бір-біріне қарсы ойнайды. Олардың арасында әлем чемпиондары, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары және жасөспірімдер арасындағы әлем біріншіліктерінде топ жарған қазақстандық таланттар бар, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жарыс Coventry University Kazakhstan университетінің Алматыдағы кампусында ұйымдастырылған. Турнирдің мақсаты тек жеңімпазды анықтау емес, қазақстандық шахматшылардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ұлттық құраманың болашақ әлеуетін бағалау.
Қазақстан шахматшылары әлемдік гроссмейстерлермен күш сынасады
Қазақстан шахмат федерациясы бұл жарысты отандық ойыншылар үшін маңызды тәжірибе алаңы ретінде қарастырады. Әсіресе алдағы Шахмат олимпиадасына дайындық тұрғысынан турнирдің маңызы жоғары.

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дармен Сәдуақасовтың айтуынша, әлемдік деңгейдегі ойыншылармен кездесу қазақстандық шахматшылардың шынайы мүмкіндігін бағалауға жол ашады.
«Әлемдік деңгейдегі дарынды ойыншылар мен отандық шахматшылардың бәсекесі бізге, ұйымдастырушылар ретінде, олардың шеберлігі мен әлеуетін саралауға мүмкіндік береді. Бұл турнир жаңа айтулы нәтижелер сыйлайды, ал спортшыларымыз лайықты қарсылық көрсетіп, тіпті бірқатар партияларда жеңіске жетеді деп сенеміз. Мұндай тартысты ойынды тамашалау үшін мұнда шахмат сүйер қауым жиналады деп ойлаймын. Алматылықтар үшін өз отандастарына жанкүйер болып, өте жоғары деңгейдегі ойынды өз көзімен көруге тамаша мүмкіндік туып отыр. Ал біз федерация ретінде жаттықтырушылар штабымызбен бірге тиісті қорытынды жасаймыз, өйткені екі жылдан кейін өтетін кезекті Шахмат олимпиадасына ерлер құрамасының жаңа құрамын дайындап жатырмыз. Бұл жұмысқа өте салмақты бет бұрдық. Осындай деңгейдегі тартыс біздің құраманың, соның ішінде ерлер командасының да біртіндеп әлемдегі ең мықтылардың біріне айналуына үміт сыйлайды», - дейді Дармен Сәдуақасов.
Оның сөзінше, федерация бапкерлер құрамымен бірге турнир қорытындысын талдап, ерлер ұлттық құрамасын жаңаша жасақтау жұмысына ерекше назар аударады.
Бұл ретте қазақстандық шахматшылар үшін әр партия маңызды. Өйткені тәжірибелі қарсыластармен классикалық форматта ойнау олардың стратегиялық ойлауын, психологиялық төзімділігін және шешуші сәттерде дұрыс шешім қабылдау қабілетін сынайды.
Әлем чемпионы Даниил Дубов және тағы төрт шетелдік гроссмейстер
Алматыдағы турнирге Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан, Армения және Беларусь елдерінің өкілдері шақырылған. Олардың әрқайсысы халықаралық шахмат аренасында елеулі нәтижелерге қол жеткізген.
Махаммад Мурадли – Әзербайжан. Өз елінің үш дүркін чемпионы. Ол 2019, 2022 және 2026 жылдары ұлттық біріншілікте топ жарған. 2026 жылғы ақпанда өткен чемпионаттың финалында әйгілі гроссмейстер Шахрияр Мамедьяровты жеңді.
Даниил Дубов – Ресей. 2018 жылғы рапидтен әлем чемпионы. Шабуылға негізделген ойын мәнерімен және шахмат тақтасындағы тосын шешімдерімен танымал. Оның қатысуы жарыстың тартысын күшейтетін маңызды факторлардың бірі.
Шамсиддин Вохидов – Өзбекстан. 2022 және 2026 жылдардағы Дүниежүзілік шахмат олимпиадаларының екі дүркін жеңімпазы. Сонымен қатар 2024 жылы Будапештте өткен Олимпиадада өз тақтасында жеке алтын медаль иеленген.
Арам Акопян – Армения. 2026 жылы Ташкентте өткен Al-Beruniy Masters халықаралық турнирінің жеңімпазы. Сондай-ақ 2025 жылғы Қазақстан кубогында топ жарған.
Денис Лазавик – Беларусь. Елінің екі дүркін чемпионы және 2026 жылғы Esports World Cup киберспорттық шахматтан әлем чемпионатының финалисі. Аталған жарыстың жартылай финалында америкалық гроссмейстер Хикару Накамураны жеңген.
Осы бес шахматшы Қазақстан өкілдеріне қарсы ойнайды. Олардың тәжірибесі, халықаралық рейтингі және түрлі жарыстардағы жетістіктері алматылық турнирдің деңгейін айқындай түседі.

Қазақстан атынан кімдер қатысады?
Еліміздің намысын бес шахматшы қорғайды. Олардың арасында ұлттық чемпионаттардың жеңімпаздары, әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері және халықаралық аренадан танылып үлгерген жас таланттар бар.
Денис Махнёв – гроссмейстер. Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Ол 2021 және 2024 жылдары ел біріншілігінде жеңіске жеткен. 2018 және 2025 жылдары күміс, 2023 жылы қола медаль иеленген. Сондай-ақ 2023 жылғы Азия чемпионатында блицтен қола жүлдегер атанған.
Эдгар Мамедов – гроссмейстер. 2025 жылы 16 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлем чемпионы болды. 2024 жылы 14 жасқа дейінгі әлем біріншілігінде күміс медаль жеңіп алды. 2025 жылы небәрі 14 жасында гроссмейстер атағын иеленіп, Қазақстан тарихындағы ең жас гроссмейстер атанды.
Сауат Нұрғалиев – халықаралық шебер. 2026 жылғы классикалық шахматтан Қазақстан чемпионы. Ол ұлттық біріншілікті 15 жасында бірде-бір жеңіліссіз аяқтап, чемпион атанды. 2025 жылы 16 жасқа дейінгі әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. Сонымен қатар 2022 жылғы жасөспірімдер Шахмат олимпиадасында өз тақтасында алтын, 2025 жылы қола медаль жеңіп алған.
Алуа Нұрман – халықаралық шебер. Қазақстан әйелдер құрамасының сапында 2024 және 2026 жылдардағы Шахмат олимпиадаларының екі дүркін күміс жүлдегері. 2023 жылғы командалық әлем чемпионатында күміс медаль алған. 2025 жылы әйелдер арасында блицтен Азия чемпионы атанды. Бұған қоса, 2019 жылы 12 жасқа дейінгі әлем чемпионатында күміс, 2023 жылы 16 жасқа дейінгі әлем біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізген.
Марк Смирнов – халықаралық шебер. Жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы. 2024 жылы 12 жасқа дейінгі санатта жеңімпаз атанса, 2025 жылы 14 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы әлем біріншілігінде топ жарды.
Қазақстандық қатысушылардың құрамына назар аударсақ, тәжірибелі гроссмейстерлер мен халықаралық деңгейде танылып келе жатқан жас ойыншылардың үйлесімі байқалады. Бұл ұлттық құраманың келешегіне қатысты маңызды қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
25 миллион теңге қалай бөлінеді?
KazChess Masters Almaty 2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 25 миллион теңгені құрайды.
Бірінші орын алған шахматшыға 7 миллион теңге, екінші орын иегеріне 5 миллион теңге, үшінші орын алған қатысушыға 3,5 миллион теңге беріледі.
Осылайша алғашқы үш орынға жалпы 15,5 миллион теңге қарастырылған. Қалған жүлде қоры жарыс регламентіне сәйкес басқа орындарға бөлінеді.
Жарыс айналмалы жүйе бойынша өтеді. Он шахматшының әрқайсысы қалған тоғыз қарсыласымен бір рет кездеседі. Барлығы тоғыз тур ұйымдастырылады.
Партиялар классикалық уақыт бақылауымен ойналады. Әр қатысушыға алғашқы 40 жүріске 90 минут, одан кейін партияның қалған бөлігіне қосымша 30 минут беріледі. Әр жүрістен кейін ойыншының уақытына 30 секунд қосылады.
Барлық партияның нәтижесі Халықаралық шахмат федерациясының FIDE рейтингіне есептеледі. Сондықтан бұл турнирдегі әрбір ұпай қатысушылардың халықаралық рейтингтегі орнына да әсер етеді.

Coventry University Kazakhstan халықаралық шахмат алаңына айналды
Турнирдің өткізілу орны ретінде Coventry University Kazakhstan университетінің Алматыдағы кампусы таңдалған.
Университет өкілдері интеллектуалдық спортты дамыту мен жастардың қабілетін қолдауды жоғары білім беру жүйесінің маңызды бағыттарының бірі деп санайды.
Coventry University Kazakhstan Алматы кампусының операциялық директоры Әйгерім Раимжанова мұндай халықаралық іс-шаралардың студенттер мен жастар үшін ерекше шабыт көзі екенін атап өтті.
«Бүгінде мемлекетіміздің Үкіметі де зияткерлік дамудың маңыздылығын тұрақты түрде атап өтуде. Соған байланысты университетімізде осындай ойы жүйрік, дарынды тұлғалардың бас қосуына өте қуаныштымыз. Жалпы, біз бұл үдерістегі жоғары оқу орындарының рөлін негізгі факторлардың бірі деп білеміз, бірақ ол мықты индустриялық серіктестік орнатпайынша мүмкін емес. Алдағы уақытта да Федерациямен бірлесіп, кампусымызда осындай ауқымды шараларды өткізуге қуанышты боламыз. Өйткені бұл үлкен шабыт пен өнеге. Бүгінде болашағымыз жастарымыздың білімін, талантын және ой-өрісін қалай дамытатынымызға тікелей байланысты», - деп атап өтті Әйгерім Раимжанова.
Университет басшылығы алдағы уақытта да Қазақстан шахмат федерациясымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Халықаралық турнирдің университет қабырғасында өтуі студенттерге әлемдік деңгейдегі шахматшылардың ойынын жақыннан бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай кездесулер жастардың интеллектуалдық спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал етуі мүмкін.
Алдағы Шахмат олимпиадасына дайындық басталды
Қазақстан шахмат федерациясы үшін KazChess Masters Almaty 2026 ұлттық құраманы дамыту стратегиясының бір бөлігі саналады.
Федерацияның бірінші вице-президенті Дармен Сәдуақасов алдағы екі жыл ішінде ерлер құрамасын жаңа деңгейге көтеру міндеті тұрғанын жеткізді.
Осы мақсатта халықаралық деңгейдегі қарсыластармен өтетін партиялар ойыншылардың дайындығын бағалауға және болашақ құрамды жасақтауға көмектеседі.
Әсіресе жас шахматшылар үшін мұндай турнирлердің пайдасы зор. Олар тәжірибелі гроссмейстерлерге қарсы ойнап, жоғары деңгейдегі жарыстардың қарқынына бейімделеді.
Қазақстандық шахмат мектебі соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары мен халықаралық командалық жарыстарда нәтижелі өнер көрсетіп келеді. Ендігі міндеттердің бірі – осы жетістіктерді ересектер арасындағы әлемдік бәсекеде жалғастыру.

Турнир 3 қарашаға дейін жалғасады
KazChess Masters Almaty 2026 халықаралық жарысы 26 қазанда басталып, 3 қарашада аяқталады.
Турнирді Қазақстан шахмат федерациясы KazChess ұйымдастырады. Жобаны Coventry University Kazakhstan және Freedom Holding Corp. компаниясы Freedom Шапағат корпоративтік қоры арқылы қолдайды.
Ақпараттық серіктестер қатарында Первый канал Евразия, ÚLT, DKN (Деловой Казахстан), BES.media, SPORTINFORM, SPORT+, QAZAQSTAN, QAZSPORT, NEWTIMES, KURSIV және Chessno говоря бар.
Алматыдағы бұл додада он шахматшы тоғыз тур бойы өзара шеберлік байқасып, 25 миллион теңгелік жүлде қорын сарапқа салады. Ал қазақстандық ойыншылар үшін басты мүмкіндік – әлемнің үздік гроссмейстерлерімен тең дәрежеде күресіп, халықаралық тәжірибесін молайту.
Бұған дейін біз Алматыда өткен KazChess Masters 2026 халықаралық турнирі және оның 25 миллион теңгелік жүлде қоры туралы жазған едік. Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастыратын бұл жарыстар отандық ойыншыларға әлемдік деңгейдегі қарсыластармен тұрақты түрде күш сынасуға мүмкіндік беріп келеді.