Әскери инфрақұрылымды жаңғырту - заман талабы

385
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, әр салаға жүктелетін міндеттерді нақтылай түсті. Мемлекет басшысы ел экономикасын нығайту, өңірлерді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Бүгінде инфрақұрылымды дамыту – елдің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі. Заманауи нысандар салу, қолданыстағы ғимараттарды жаңарту және азаматтарға қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмыстар әр салада жүйелі түрде жүргізілуге тиіс. Бұл міндеттер әскери құрылымдар үшін де маңызды.

Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығында осы бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Жезқазған қаласында жаңа әскери қалашықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Бұл нысанның пайдалануға берілуі өңірдегі әскери инфрақұрылымды нығайтып, жеке құрамның қызмет атқаруына қажетті жағдайларды жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар үш әскери нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Долинка кентіндегі 6505 әскери бөлімінің 2-атқыштар батальонында, Новоукраинка кентіндегі 5510 әскери бөлімінің 3-атқыштар ротасында және Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінде жаңарту жұмыстары қолға алынған.

Мұндай жұмыстардың нәтижесі әскери қызметшілердің күнделікті өмірінен көрінуі керек. Жаңартылған ғимараттар мен жақсартылған тұрмыстық жағдайлар жеке құрамның қызметіне қолайлы орта қалыптастырып, әскери тәртіпті нығайтуға және жауынгерлік даярлықты жетілдіруге ықпал етеді.

Әскери инфрақұрылымды дамыту жоспарлы түрде жүзеге асырылатын маңызды міндет. Сондықтан құрылыс пен жөндеу жұмыстарының сапасына, белгіленген мерзімде орындалуына және қарастырылған қаражаттың тиімді жұмсалуына жауапкершілікпен қарау қажет.

Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді іске асыру әрбір саладағы нақты істерден басталады.

Полковник Нурлан Мухамедов, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -