«Барыстың» америкалық қорғаушысы Иэн Маккошен елордалық клуб сапында екінші маусымын өткізіп жатыр. Осы уақыт ішінде ол қазақстандық хоккейдің өзіндік ерекшеліктерімен танысып, жергілікті тағамдардан дәм татып, жанкүйерлердің ыстық ықыласын сезініп үлгерді. Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында өткен «Барыс» пен «Адмирал» арасындағы матчтан кейін біз хоккейшімен ұзаққа созылған сырт алаңдағы ойындар сериясы, командадағы өзгерістер және Астанадағы өмірі туралы әңгімелестік.
Владивосток командасына қарсы өткен, елордалықтардың 4:2 есебімен жеңісімен аяқталған кездесуді бағалаған Маккошен ойынның оңай болмағанын жасырмады. Оның айтуынша, команда матчтың басында бірден қарқын ала алмаған. Ал бірінші кезеңнің соңында қарсыласқа екі шайба соғуға мүмкіндік беру жағдайды өзгерту үшін қосымша күш жұмсауға мәжбүр еткен.
«Ойын нағыз әткеншек сияқты болды. Меніңше, кездесуді баяу бастадық. Кейін есеп аштық, бірақ бірінші кезеңнің соңында қарсыласқа екі шайба соғуға мүмкіндік бердік. Әрине, біз мұндай жағдайды қаламадық. Содан кейін ойынға қайта оралу үшін көп күш жұмсауға тура келді», – деді қорғаушы.

Әңгіме барысында «Барыстың» Астанадан жырақта өткізген тоғыз матчтан тұратын ұзақ сапары да сөз болды. Мұндай тығыз кесте хоккейшілерден тек физикалық төзімділікті ғана емес, психологиялық беріктікті де талап етеді. Маккошен бұл кезеңді үш бөлікке бөліп қарастырды. Алғашқы алты кездесуде команда салыстырмалы түрде жақсы өнер көрсетіп, үш жеңіске жеткен. Ал соңғы үш матч сәтсіз аяқталған.
«Соңғы үш кездесуде бірде-бір жеңіске жете алмадық. Бұл, әрине, көңілімізді түсірді. «Адмиралға» қарсы сырт алаңдағы ойында жеңіске жетуге жақсы мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ кәсіби хоккейде әр матчтың маңызы зор. Қай жерде жүргенің немесе үйден қанша уақыт жырақта болғаның маңызды емес. Біздің міндетіміз – әрдайым мұз айдынына шығып, жеңіске жету», – деп атап өтті Иэн.
Хоккейшілер үшін әсіресе ұзақ әуе сапарлары мен уақыт белдеулерінің ауысуы қиындық туғызады. Қиыр Шығысқа сапар шеккенде жаңа уақытқа бейімделуге және күш-қуатты қалпына келтіруге қосымша уақыт қажет. Маккошеннің айтуынша, мұндай жағдайда ең тиімді тәсіл – кез келген мүмкіндікті пайдаланып, ұйықтап алу.

«Ұшақта мүмкіндігінше көбірек ұйықтауға тырысамыз. Барғаннан кейін жергілікті уақытқа бейімделу керек. Кейде таңғы төрт-беске дейін ұйықтамай жүріп, содан кейін ғана демалуға тура келеді. Ең бастысы – уақыт белдеуіне барынша бейімделіп, мүмкіндік туған сайын жақсылап ұйықтау. Бұл күш-қуатты қалпына келтіруге көмектеседі», – деді қорғаушы.
«Барыстағы» екінші маусымы туралы айтқан Маккошен команданың ойынында оң өзгерістер бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, ең алдымен елордалық ұжымның шабуылдағы әлеуеті артқан. Өткен маусымда гол соғатын мүмкіндіктерді пайдалану қиындық туғызса, қазір команда қарсылас қақпасына жиірек қауіп төндіріп, өз мүмкіндіктерін тиімдірек жүзеге асырып жүр. Қорғаныстағы ойын да біртіндеп жақсарып келеді.

«Меніңше, шабуылда біршама күшейдік. Қазір гол соғатын сәттерді көбірек жасаймыз және оларды жақсырақ пайдаланып жүрміз. Өткен маусымда бұл жағынан қиындықтар болған. Қорғаныста да біртіндеп ілгерілеп келеміз. Ойынымыз жүйеленіп, ұйымшылдығымыз артып жатыр. Әр ойыншы жеңіске жету үшін не істеу керектігін түсінеді», – деді Иэн.
Биылғы маусымды «Барыс» айтарлықтай сенімді бастағанымен, Шығыс конференциясындағы қарсыластармен кездесулер көбіне тартысты өтіп жүр. Турнир кестесіндегі бәсекенің тығыздығы әр матчқа ерекше жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Америкалық қорғаушы лигаға жаңадан келген кейбір ойыншылар мұндай кездесулердің маңызын бастапқыда толық түсіне қоймағанын мойындады. Алайда уақыт өте келе команда бұл ойындардың қаншалықты маңызды екенін жақсырақ ұғына бастаған.
«Маусым барысында мұндай матчтардың қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Әсіресе біздің конференцияда бәсеке өте жоғары екенін ескерсек, әр кездесудің салмағы зор. Бүгін ұйымшыл ойын көрсетіп, конференциядағы қарсыласымызды жеңдік. Бұл алдағы матчтар алдында өзімізге деген сенімді арттырады», – деді қорғаушы.

«Барыс» әлі де жетілдіруі тиіс бағыттардың бірі – сан басымдығы мен сан кемдігі жағдайындағы ойын. Әсіресе қарсыластың сан басымдығын бейтараптандыру көрсеткіші әзірге команданың бұл тұрғыда толық сенімді ойнауына мүмкіндік бермей отыр. Маккошеннің пікірінше, мәселенің түйіні ең алдымен зейін мен тұрақтылықта жатыр.
«Соңғы уақытта біраз қиындыққа тап болдық. Әсіресе соңғы сырт алаңдағы ойындар сериясында сан жағынан кем болған кезде әр матчта дерлік кемінде бір шайба жіберіп алып жүрдік. Біз бұдан әлдеқайда жақсы әрі тұрақты ойнай алатынымызды білеміз. Мұнда көп нәрсе зейінге, күш-қуатқа және дұрыс психологиялық дайындыққа байланысты. Жаттығуларда қосымша жұмыс істеп, өз күшімізге сенсек, өткен маусымдағы деңгейімізге қайта орала аламыз», – деді хоккейші.
Алайда Маккошенмен әңгімеміз тек хоккей тақырыбымен шектелген жоқ. Қазақстандағы екінші маусымы оған Астана мен қала тұрғындарын жақынырақ тануға мүмкіндік берген. Елордада ең қатты не ұнайтынын сұрағанымызда, америкалық хоккейші көп ойланбастан жанкүйерлер мен жергілікті тұрғындарды атады.

«Жанкүйерлер мен адамдар. Олар өте қонақжай, ашық-жарқын әрі ақкөңіл. Мұнда шетелдік ойыншыларға ерекше жылылықпен қарайды. Маған адамдардың осындай қарым-қатынасы қатты ұнайды», – деді қорғаушы.
Әңгіме барысында қазақтың ұлттық тағамдары да назардан тыс қалмады. Белгілі болғандай, Иэн бірнеше дәстүрлі тағамның дәмін татып үлгерген. Әсіресе оған лағман ұнаған. Ал жылқы етіне келгенде америкалық хоккейшінің талғамы өзгешелеу екен.
«Бешбармақ пен лағман жеп көрдім. Лағман маған ұнайды. Ал жылқы еті сүйікті тағамдарымның қатарына кірмейді, бірақ оның да дәмін таттым. Маған майы аз ет көбірек ұнайды. Жалпы, жергілікті қазақ тағамдары жақсы. Қымыз да ішіп көрдім, бірақ оны ішу-ішпеу көңіл күйіме байланысты», – деді Маккошен күлімсіреп.

Сұхбат соңында хоккейшіге бірнеше нұсқаның бірін таңдауды ұсынып, шағын блиц-сұрақтар қойдық. Иэн жаздан гөрі қысты таңдады. Себебі хоккей маусымы дәл осы мезгілде өтеді. Шай мен кофенің арасынан кофені ұнатады. Экшн фильм мен комедияның бірін таңдау керек болса, комедияны көргенді жөн санайды. Ал мейрамханада тамақтанғаннан гөрі үйде дайындалған асты артық көреді. «Барыстың» қорғаушысы тауға шыққаннан гөрі жағажайға барғанды қалайды екен. Сондай-ақ кешкі уақыттан гөрі таңертең ерте белсенді болғанды ұнатады. Иэн Астананы бір сөзбен орыс тілінде «красиво» («әдемі») деп сипаттады. Ал өзін «ойыншық қонжыққа» теңеді. Өмірінде онсыз жүре алмайтын бір затты атауды сұрағанымызда, Маккошен ұялы телефонын таңдады.