Люк Джонсон: «Астанада хоккейге деген шынайы сүйіспеншілік сезіледі»

889
Маржан Әбішева Журналист
Фотосурет: Маржан Абишева

Кұрлықтық хоккей лигасында тұрақты чемпионат жалғасуда. Қазақстандық жанкүйерлердің назарында маусымның басты фавориттерінің бірі, ҚХЛ турнирлік кестесінде көш бастап тұрған магнитогорскілік «Металлург» пен астаналық «Барыс» арасындағы кездесу, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ойын қарсаңында қонақтар командасының шабуылшысы Люк Джонсонмен сұхбаттастық. «Металлург» сапында төртінші маусымын өткізіп жатқан америкалық хоккейші Астана туралы әсерімен бөлісіп, «Барыспен» кездесулер, бас бапкер ауысқаннан кейінгі командадағы өзгерістер және Гагарин кубогындағы жеңіс туралы естеліктерін айтты. Сондай-ақ мұз айдынында қандай ойыншы болуға тырысатынын және қазақстандық жанкүйерлерге өзі туралы не айтқысы келетінін жеткізді.

«Металлург» шабуылшысы Люк Джонсон үшін Қазақстан астанасы жақсы таныс қалаға айналған. Құрлықтық хоккей лигасындағы төрт маусымы барысында америкалық ойыншы Астанаға бірнеше рет келіп, елорда туралы өзіндік пікір қалыптастырып үлгерген. Ол қаланың ауқымы мен ерекше атмосферасын ғана емес, жергілікті жанкүйерлердің хоккейге деген шынайы сүйіспеншілігін де атап өтті.

«Маған бұл қала шынымен ұнайды. Мұнда достарым ойнаған, сондықтан Астанаға әрдайым қуана келемін. Бұл үлкен әрі өте әдемі қала. Мұнда хоккейді шын мәнінде жақсы көретіні сезіледі, сондықтан матчтар әрдайым қызықты өтеді», - деп бөлісті Джонсон.

Дегенмен хоккейші әзірге Астанамен жақынырақ танысуға мүмкіндік болмағанын айтады. Қонақүй мен мұз айдынынан тыс уақытта команда ойыншылары көбіне бірге мейрамханаларға барған. Люк болашақта қалаға көбірек уақыт бөліп, оны тереңірек танығысы келетінін жасырмады.

Магнитогорскілік «Металлургтің» ҚХЛ аясындағы тұрақты қарсыластарының бірі – «Барыс». Америкалық хоккейшінің пікірінше, астаналық командамен кездесулер ешқашан оңай өтпейді, ал матч нәтижесін көбіне көзге нақты көрінбейтін жайттар шешеді.

«Барысты жеңу әрдайым қиын. Командада солтүстік америкалық хоккейшілер көп, олар өте қатал әрі жанкешті ойын көрсетеді. Олармен өтетін матчтар әдетте тартысты әрі тең дәрежеде болады. Осы маусымда да «Барыс» жақсы өнер көрсетіп жүр, сондықтан бізді оңай ойын күтіп тұрмағанын түсінеміз», - деді шабуылшы.

«Металлургтің» жетістіктері туралы сөз қозғағанда, Джонсон ең алдымен клуб басшылығы тарапынан қойылатын жоғары талаптарды атап өтті. Оның айтуынша, үнемі ең жоғары орындар үшін күресу магнитогорскілік ұжымның командалық мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған.

«Бұл клуб иелері мен басшылықтың еңбегі. Мұнда әрдайым өте жоғары талаптар қойылады. Біз, ойыншылар, мұны жақсы түсінеміз және әр матчқа барынша дайын болып шығуға тырысамыз. «Металлург» үнемі жеңіске ұмтылатын команда. Сонымен қатар бізге бірге ойнаған ұнайды, ұжымда жақсы атмосфера қалыптасқан. Мұнда өткізген уақытымнан шын мәнінде ләззат аламын», - деді Люк.

Сондай-ақ хоккейші Шафранов бас бапкер қызметіне тағайындалғаннан кейін командада болған өзгерістерге тоқталды. Оның бағалауынша, ойын жүйесінде түбегейлі өзгеріс болған жоқ. Жаңа бапкер негізінен жекелеген бөлшектер мен тактикалық қырларға басымдық берген.

«Біздің ойынымыз айтарлықтай өзгерді деп айта алмаймын. Әңгіме көбіне қорғаныстағы ойын немесе жүйенің жекелеген тұстары сияқты ұсақ-түйек мәселелер туралы болып отыр. Біз жылдамдық пен шеберлікке басымдық беретін командамыз. Меніңше, бапкер де осы мықты тұстарымыздан айырғысы келмейді. Сондықтан өзгерістер аса көп емес», - деп түсіндірді Джонсон.

Америкалық шабуылшының мансабындағы ерекше орындардың бірі «Металлургпен» бірге Гагарин кубогын жеңіп алған маусым. Сол кезеңдегі ең жарқын сәттердің бірі «Автомобилистке» қарсы серияның овертаймында соққан голы болды. Хоккейшінің өзі бұл сәтті кәсіби мансабындағы ең маңызды оқиғалардың бірі деп санайды.

«Бұл өмір бойы есімде қалатын керемет тәжірибе. Мұндай матчтар әрдайым ерекше эмоция сыйлайды. Жалпы, біз хоккейшілер бүкіл маусым бойы плей-офф үшін, дәл осындай сәттер үшін жұмыс істейміз. Ол гол, сөзсіз, мансабымдағы ең маңызды голдардың бірі болды. Қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Биыл да осындай жолдан өте аламыз деп үміттенемін», - деді шабуылшы.

Чемпиондық атақты жеңіп алған сәт те оның есінде ерекше сақталған.

«Бұл керемет болды. Тұрақты чемпионат бойы плей-оффта Кубок үшін күресу мүмкіндігіне ие болу үшін еңбек етесің. Алда не күтіп тұрғанын ешқашан алдын ала білмейсің. Сол жылы біз шынымен мықты команда болдық. Жеңіс сезімін сөзбен жеткізу қиын. Бұл сәтті мәңгі есте сақтаймын», - деп мойындады Джонсон.

Өзінің ойын позициясы туралы айта келе, америкалық хоккейші орталық шабуылшының рөлі, ең алдымен, қорғаныста үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Сонымен қатар бұл позиция ойын барысына белсендірек араласып, мұз айдынында еркін қозғалу мүмкіндігін береді.

«Орталық шабуылшы ретінде қорғаныста, әсіресе өз аймағыңда, жауапкершілігің көбірек болады. Маған бұл рөл ұнайды, өйткені ойынға белсендірек араласып, мұз айдынында көбірек қозғала аласың. Мен әрдайым қорғаныста сенімді ойнауға тырыстым, сонымен бірге өзімнің ойын қасиеттерім мен шеберлігімді пайдаланып, шабуылда да командаға пайда әкелгім келеді», - деп түсіндірді хоккейші.

Джонсон өзінің ойын мәнерін екіжақты ойынға бейім деп сипаттайды. Ол үшін шабуылда көмектесу ғана емес, шайбасыз ойында да үлкен жұмыс атқару маңызды.

«Мен екіжақты ойыншы болуға тырысамын: қорғаныста жақсы ойнап, сонымен бірге шабуылда да командаға пайда әкеліп, шеберлігімді көрсетуге ұмтыламын. Жан-жақты, толыққанды хоккейші болғым келеді. Мұз айдынында жанкештілік танытып, команданың жеңісі үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырысамын», - деп атап өтті ол.

Ал Люк Джонсон қазақстандық жанкүйерлерге өзі туралы не айтқысы келеді? Бұл сұраққа шабуылшы қарапайым жауап беріп, артық сөзге бармады.

«Мен сабырлы әрі қарапайым адаммын. Хоккей ойнағанды қатты жақсы көремін. Қазақстанда да жанкүйерлерім бар деп үміттенемін», - деді америкалық ойыншы күлімсіреп.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -