Қазақстанда жаңа BMW X5 пен 7 сериясы сатылымға шықты: бағасы қанша?

553
Арман Қоржымбаев Бас редактор

Қазақстанда жаңа BMW көліктеріне сұраныс жоғары. Жаңартылған BMW X5 кроссовері мен 7 сериялы флагман седанына алдын ала 110 тапсырыс рәсімделді. Алғашқы партия ресми таныстырылымға дейін-ақ өз иелерін тауып үлгерді. Ең қолжетімді нұсқасының бағасы 63,6 миллион теңгеден басталады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы Astana Motors құрамына кіретін BMW Kazakhstan компаниясы хабарлады. Жаңа модельдер 14 қарашадан бастап Алматы мен Астанадағы ресми дилерлік орталықтарда таныстырылды. Желтоқсан айында олар Қазақстанның барлық өңіріндегі ресми BMW дилерлерінде қолжетімді болады.

Бағасы 63,6 миллион теңге: қазақстандықтар жаңа BMW X5-ке қызығушылық танытты

Сатып алушылардың басым бөлігі BMW X5 кроссоверін таңдаған. Дистрибьютордың мәліметінше, бұл модельге 100 тапсырыс рәсімделген. Ал BMW 7 сериялы представительдік седанына тағы 10 тапсырыс түскен.

Бұл премиум сегмент үшін назар аударарлық көрсеткіш. Қазақстандықтар бағасы ондаған миллион теңгеден басталатын жаңа көліктерге олардың елдегі барлық дилерлік орталықтарға жеткізілуін күтпей-ақ тапсырыс беріп жатыр.

Қазақстандағы BMW дистрибуциясының директоры Бауыржан Әбенов жаңа модельдерге қызығушылық жоғары екенін айтты.

«Біздің Қазақстандағы клиенттеріміз бұл жаңалықтарды асыға күтті. Алдын ала тапсырыс қабылдау басталған бойда өтінімдер түсе бастады. Қазір BMW X5 кроссоверіне 100, ал 7 сериялы флагман седанына 10 келісімшарт рәсімделді. Бұл Қазақстандағы BMW иелерінің озық шешімдерге ашық екенін және бренд ұсынып отырған жаңалықтарды жоғары бағалайтынын көрсетеді», — деді Бауыржан Әбенов.

Жаңа BMW X5: 400 ат күші және толық өзгерген интерьер

BMW X5 жаңа буынға қадам басты. G65 зауыттық индексімен шығарылған кроссовер — 1999 жылы алғаш таныстырылған әйгілі модельдің бесінші буыны.

Автокөлік өзіне тән кескінін сақтағанымен, сыртқы келбеті айтарлықтай өзгерген. BMW Iconic Glow жарықтандырылған тік радиатор торы, қос X әрпі түріндегі жарық элементтері мен кузовқа кіріктірілген BMW Winglets есік тұтқалары Neue Klasse дизайн тұжырымдамасының ерекшелігін көрсетеді.

Қазақстандық сатып алушыларға BMW X5 xDrive40i нұсқасы ұсынылады.

Көлікке алты цилиндрлі қатарлы қозғалтқыш пен 48 вольтты жұмсақ гибрид жүйесі орнатылған. Қуаты — 400 ат күші.

xDrive толық жетек жүйесі мен бейімделетін аспа жолдағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Ал салмақтың алдыңғы және артқы осьтер арасында шамамен 50:50 қатынасында бөлінуі көлікті басқаруды жеңілдетеді.

Жол саңылауы 226 миллиметрге жетеді. Бұл көрсеткіш әсіресе қала сыртындағы сапарлар үшін маңызды.

Дегенмен жаңа X5-тегі ең қызықты өзгерістердің бірі салоннан байқалады.

BMW X5-тің алдыңғы әйнегі ақпараттық экранға айналды

Жаңа кроссовер BMW Operating System X операциялық жүйесімен жұмыс істейтін BMW Panoramic iDrive кешенімен жабдықталған.

BMW Panoramic Vision технологиясы жүргізушіге қажетті ақпаратты алдыңғы әйнектің төменгі бөлігіне, оның бүкіл ені бойымен шығарады.

Бұған қоса, салонда диагоналі 17,9 дюйм болатын орталық дисплей және BMW 3D Head-Up Display проекциялық жүйесі бар.

X5 тарихында алғаш рет алдыңғы жолаушыға арналған бөлек экран да қарастырылған. Ол қосымша жабдық ретінде ұсынылады.

Мұндай шешім жүргізушінің назарын жолдан көп бөлмей, қажетті мәліметтерді көруіне мүмкіндік береді. Ал жолаушы мультимедиалық мүмкіндіктерді өз бетінше пайдалана алады.

Жаңа X5 тағы бір ерекшелігімен көзге түседі. BMW бұл модельді бастапқы кезеңнен-ақ бес түрлі күштік қондырғыға бейімдеп әзірлеген.

Әлемдік модельдер қатарында бензинді және дизельді нұсқалар, қуаттау мүмкіндігі бар гибридтер, толық электрлі BMW iX5 және кейінірек сутегімен жүретін BMW iX5 Hydrogen болады.

Электрлі iX5 800 вольтты архитектурамен және алтыншы буындағы BMW eDrive технологиясымен жабдықталады.

Алайда Қазақстан нарығына әзірге жұмсақ гибрид жүйесі бар бензинді BMW X5 xDrive40i ұсынылып отыр.

BMW 7 сериясы: 81,7 миллион теңге және 5,1 секундтық үдеу

Екінші жаңалық — BMW 7 сериясының жаңартылған флагман седаны.

Бұл көлікте жүргізушіге арналған мүмкіндіктермен қатар, артқы орындықтағы жолаушылардың жайлылығына да ерекше көңіл бөлінген.

Қазақстанда BMW 740 xDrive нұсқасына тапсырыс беруге болады.

Седан үш литрлік алты цилиндрлі BMW TwinPower Turbo бензин қозғалтқышымен және 48 вольтты жұмсақ гибрид жүйесімен жабдықталған.

Күштік қондырғының жиынтық қуаты 400 ат күшіне, ал ең жоғары айналу моменті 580 Н·м-ге жетеді.

Өлшемі ірі представительдік седан болса да, BMW 740 xDrive небәрі 5,1 секундта 100 км/сағ жылдамдыққа жетеді. Ең жоғары жылдамдығы — 250 км/сағ.

Автокөлікте сегіз сатылы автоматты беріліс қорабы мен xDrive толық жетек жүйесі қолданылады.

Сыртқы дизайнында жарықтандырылған BMW Iconic Glow радиатор торы көзге бірден түседі. Сатып алушылар қосымша BMW Individual Iconic Glow хрусталь фараларын және кузовтың екі түсті әрлеу нұсқаларын таңдай алады.

Артқы жолаушыларға арналған 31,3 дюймдік экран

BMW 7 сериясының ең ерекше жабдықтарының бірі — BMW Theatre Screen.

Диагоналі 31,3 дюйм болатын алып экран төбеден автоматты түрде түсіріледі. Ол артқы орындықтағы жолаушыларға арналған және қосымша опция ретінде ұсынылады.

Экран арқылы фильм көруге, ойын ойнауға немесе бейнеконференцияға қатысуға болады. Dolby Atmos технологиясы көлемді дыбыс береді.

Мұндай мүмкіндік әсіресе жеке жүргізушісі бар көлік иелеріне ыңғайлы. Жолға кеткен уақытты жұмысқа да, демалысқа да пайдалануға болады.

Седанның алдыңғы және артқы осьтеріне бейімделетін пневматикалық аспа орнатылған. Ол жолдың кедір-бұдырын жұмсартып, ұзақ сапарларда жолаушылардың жайлылығын сақтауға көмектеседі.

Салонды әрлеуде BMW Individual топтамасындағы материалдар, алькантара, CraftedClarity хрусталь басқару элементтері және түсін өзгертуге болатын жарықтандыру қолданылады. Панорамалық әйнек шатыр кеңістік әсерін күшейтеді.

«Аталған модельдер BMW брендінің заманауи сән-салтанатының әртүрлі қырын көрсетеді. X5 кроссовері толық өлшемді Sports Activity Vehicle көлігінің кең салоны және брендке тән басқару дәлдігімен ерекшеленеді. Ал 7 серияның флагман седаны марканың мәртебелі сипатын айқындап, сапар кезіндегі жайлылықтың жоғары стандартын белгілейді. Екі модель де жаңа буындағы цифрлық технологиялар, дербестендірудің кең мүмкіндіктері, жүргізуші мен жолаушыларға арналған жайлылықпен ерекшеленеді», — деді Бауыржан Әбенов.

Қазақстанда жаңа BMW X5 пен 7 сериясы қанша тұрады?

Компания екі модельдің бастапқы бағасын жариялады:

  • BMW X5 xDrive40i — 63 637 511 теңгеден бастап.
  • BMW 740 xDrive — 81 711 570 теңгеден бастап.

Екі көліктің бастапқы бағаларының айырмашылығы 18 миллион теңгеден асады.

14 қарашадан бастап жаңа модельдер Алматы мен Астанадағы ресми дилерлік орталықтарда таныстырылып жатыр. Желтоқсанда оларды Қазақстандағы басқа да ресми BMW дилерлерінен алуға болады.

Жабдықталуы, қолжетімді нұсқалары және тапсырыс беру шарттары туралы толық ақпаратты BMW Kazakhstan ресми сайтынан немесе 7007 нөмірі арқылы білуге болады.

Алғашқы партияның сатып алушыларын тауып, 110 келісімшарттың рәсімделуі Қазақстанда бағасы 60 миллион теңгеден асатын премиум автокөліктерге де қызығушылық бар екенін көрсетіп отыр.

Бұған дейін біз Алматы маңындағы Sokol автодромында BMW M спорткарлары қалай сыналғанын жазған едік. BMW M Festival шарасында қатысушылар Мюнхеннен арнайы жеткізілген бірнеше спорттық модельдің мүмкіндігін өздері байқап көрді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -