Қытай сейсенбі күні визасыз транзит саясатын айтарлықтай жеңілдетіп, жарамды шетелдік туристердің рұқсат етілген болуын бастапқы 72 және 144 сағаттан 240 сағатқа дейін ұзартқанын жариялады. ҚХР Иммиграция істері жөніндегі мемлекеттік басқармасының хабарлауынша, бүгіннен бастап визасыз кіру және шығу үшін қосымша 21 бақылау-өткізу пункті /БӨП/ белгіленді. Бұл ретте транзиттік саяхатшыларға арналған аумақтар кеңейтілді.
Жаңартылған саясатқа сәйкес 54 елдің, соның ішінде Ресей, Бразилия, Ұлыбритания, АҚШ және Канада азаматтары үшінші елге немесе аймаққа транзитпен өткен кезде Қытайға визасыз кіре алады. Олар енді елге 24 провинцияда, автономиялық аймақтарда және муниципалитеттерде орналасқан 60 бақылау-өткізу бекетінің кез келгені арқылы кіріп, белгіленген аумақтарда 240 сағатқа дейін бола алады.
Саясатты түзетудің маңызды ерекшелігі - шетелдіктерге Қытайда 10 күндік болу кезінде жоғарыда аталған 24 провинциялық деңгейдегі әкімшілік бірліктер ішінде еркін жүруге мүмкіндік беретін аймақаралық саяхаттау. Кеңейтілген саясат Бейжің-Тяньцзинь-Хэбэй аймағын, Янцзы өзенінің атырауы және Гуандун-Гонконг-Макао Үлкен шығанағы аймағын және бай туризм мен мәдени ресурстары бар аймақтарды қамтиды. Ресми тұлғалар мәлімдегендей, бұл жаңалық демалыс пен іскерлік саяхаттың әртүрлі қажеттіліктерін қанағаттандырады деп күтілуде.
Ресми тұлғалардың айтуынша, аймақтық визасыз тәртіптеме , біржақты визасыз тәртіптеме және өзара визасыз тәртіптеме сияқты басқа визалық саясаттарды толықтыратын жаңа шаралар туризмді дамытуға, іскерлік алмасуды ілгерілетуге және Қытайдың ашықтығын арттыруға бағытталған. Осы жылдың қаңтар-қараша аралығында құрлықтық Қытайға кірген жолаушылар ағыны шамамен 29,22 млн-ретке жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан 86,2 пайызға артық. Бұл көрсеткіштің 17,45 млн адам-реті визасыз кіру есебінен болды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 123,3 пайызды құрады.