Жақында Үрімші қаласынан /Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы/ екі елдің ірі жеміс-көкөніс нарықтары арасында орталықтандырылған сатып алу және тікелей тасымалдау моделі аясында жеміс пен көкөніс тиелген жүк көлігі- рефрижераторлардың алғашқы колоннасы Қазақстанның Алматы қаласына жол тартты, деп хабарлайды Xinhua.
Ынтымақтастықтың жаңа үлгісіне сәйкес, мұндай автоколонналар Шыңжаң «Цзюдин» сауда-логистикалық корпорациясының Үрімшідегі жеміс-көкөніс көтерме базарынан TIR (Халықаралық жол тасымалы) жүйесі бойынша шығып, Алматыдағы «Алтын Орда» базарына «Қорғас» бақылау-өткізу бекеті арқылы небәрі 24 сағатта жетеді, бұл дәстүрлі тасымалдау әдістерінен кемінде 12 сағатқа аз. Жергілікті кеденнің мәліметінше, орталықтандырылған сатып алу және тексеру қағидаттарына сәйкес жүк көліктері тікелей базар аумағында кедендік ресімдеу мен карантиндік қадағалау рәсімінен өтеді. Сонымен қатар, TIR жүйесі бойынша жүк маршруттың бастапқы нүктесінде пломбаланады және межелі жерге жеткенде ғана тексеріледі, соның арқасында жүкті тексеру уақыты 60 пайызға қысқарды. «Цзюдин» сауда және логистика корпорациясының жеміс-көкөніс көтерме базары Шыңжаңдағы ауылшаруашылық өнімдерінің маңызды торап орталығы болып табылады. Компания сатып алу мен тасымалдаудың жаңа моделін жемістер мен көкөністерді экспорттаудағы серпіліс деп атап, жемістер мен көкөністерді импорттау және экспорттау саласында қазақстандық тараппен терең ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында экспорттық өнімге кедендік ресімдеу рәсімдерін одан әрі жеңілдетуге дайын екенін растады.