China Eastern Airlines әуе компаниясы 4 шілдеде ашатын Шанхай-Алматы тікелей рейсінің билеттері сатылымға түсті, деп хабарлайды Xinhua.
Бұл туралы әуе компаниясының сайтында хабарланды.
Лайнер Шанхайдан Бейжің уақытымен 16:05-те ұшып, Алматыға жергілікті уақыт бойынша 19:35-те жетеді, кері рейспен жергілікті уақыт бойынша 20:50-де ұшып, келесі күні сағат 05:45-те Шанхай Пудун халықаралық әуежайына қонады.
Бұл бағыт бойынша MU6041/6042 нөмірлі рейстер аптасына үш рет: дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері орындалады.
Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып табылады. Тараптар тығыз сауда-экономикалық байланыстарды жалғастыруда. Жаңа рейстің ашылуы, China Eastern Airlines мәлімдегендей, сауда, мәдени алмасу және туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
1 маусымнан бастап Шанхай-Алматы рейсіне және кері бағытқа әуе билеттерін сатып алу кезінде жеңілдіктер болады, деп еске салды әуе компаниясы.