Қытай гүлдер қауымдастығының мәліметі бойынша, әлемдегі ең ірі гүл өндіруші Қытайдан гүл экспорты 2024 жылы 516 млн АҚШ долларына жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,78% көп, деп хабарлайды Xinhua.
«Белдеу және жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық ілгерілеген сайын Қытайда өсірілетін гүлдер саны Орталық Азия елдерінде артуда.
Қытайдағы жаңа кесілген гүлдердің 70% Юньнань провинциясынан (Қытайдың оңтүстік-батысы) келеді, бұл сонымен қатар әлемдегі ең үлкен үш жаңа кесілген гүлдер өндіретін аймақтардың бірі болып табылады. Тамаша табиғи жағдайлары бар Юньнань жыл бойы әртүрлі климаттық аймақтардан гүлдерді жеткізіп қана қоймай, сонымен қатар гүлдерді «бір терезе» қағидасы бойынша сататын планетадағы жалғыз аймақ.
Куньмин қаласында (Юньнань провинциясының әкімшілік орталығы) орналасқан гүл өндіру базаларының бірінде ондаған мың раушан гүлдері сұрыпталып, оралып, жақын арада Алматыға жөнелтіледі. Аталған базаның өкілі Чжоу Тяньи мінсіз суық тізбекті тасымалдау жүйесі мен вакуумды орау технологияларының арқасында бұл гүлдерді Куньминдегі базадан Қазақстандағы флористерге жеткізу олардың бастапқы сапасы мен балғындығын сақтай отырып, бар болғаны бес күнді қажет ететінін атап өтті.
Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылы ел Қытайдан құны 7,5 млн АҚШ доллары болатын 1100 тоннадан астам жаңа кесілген гүлдер мен гүлшанақтар импорттаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 13 есе көп. Импорттың жалпы көлемі бойынша Қытай Қазақстанға гүл жеткізу бойынша үшінші орынға шықты.
Юньнань провинциясында өсірілетін қалампыр, раушан, эустома және басқа да гүл түрлері Қытайдағы гүл дүкендерін толтырып қана қоймай, көптеген шет елдердің нарығына да кіріп жатыр. Куньмин кеденінің мәліметі бойынша, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Юньнань провинциясының жаңа кесілген гүлдерінің экспорттық құны 540 млн юань болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52,2% өсті. Сонымен қатар, бұл провинциядан Орталық Азия елдеріне гүл экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,5 есеге артып, 74,3 млн юаньнан асып кетті.
Юньнаннан басқа Ганьсу провинциясы /Солтүстік-Батыс Қытай/ да гүл индустриясының дамуын жеделдетуде. Бұл провинциядағы Линься қаласының климаттық жағдайларының артықшылығы, мысалы, күн сәулесінің мол түсуі және күнделікті температураның күрт өзгеруі гүлдердің өсуіне оңтайлы жағдай жасады.
Биыл шілде айында осы қаладан Алматыға жаңа кесілген раушан гүлдерінің партиясы жөнелтілді. «Линьсяда өсірілген гүлдер Қазақстанға келген кезде өзінің балғындығын кем дегенде 10 күн сақтай алады», - дейді экспорттаушы компанияның өкілі Ли Цзетянь.
Орталық Азия гүл нарығы бұл кәсіпорын үшін перспективалы бағыт болып табылады. Ли Цзетянің айтуынша, Орталық Азияда қалыптасқан клиенттік базасы бар олардың компаниясы шілде айында Қазақстанның гүл өнеркәсібіндегі компаниялармен бірлесе отырып, Алматыда шетелде қойма ашқан. Ол сондай-ақ компанияның Алматыда Ресей мен Шығыс Еуропа нарығына бағытталатын филиалын ашумен айналысып жатқанын айтты.
«Белдеу және жол» аясындағы ынтымақтастық пен суық тізбекті логистикалық желі негізінде Қытайдың гүл индустриясы Орталық Азия аймағында одан әрі дамуға қол жеткізіп, басқа да шетел аймақтарының нарығына шығады деп күтілуде, деп ойлайды сала сарапшылары.