2 ақпан күні сағат 00:00-ден бастап Қытайдың бүкіл ел аумағындағы теміржол жүйесінде пойыз қозғалысының жаңартылған кестесі енгізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осы кестеге сәйкес ел бойынша барлығы 12 130 жолаушылар пойызы және 23 748 жүк пойызы қатынайды. Chinanews.com.cn порталының Қытай теміржолы мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап хабарлауынша, жаңа кесте аясында Чжэнчжоу, Сиань, Цзинань, Чанша, Чунцин және Шицзячжуан секілді ірі көлік тораптарынан Еуропаға дейінгі бағытта қозғалыс кестесі нақты белгіленген 7 жаңа маршрут іске қосылды.
Аталған маршруттар «Қытай – Еуропа» бағытындағы жүк теміржол тасымалына жатады. Бұл бағыттарда пойыздар бекітілген рейстер, нақты маршруттар мен кестелер бойынша қатынайды. Әрбір бағытта жөнелту пункттері, шекарадан өтетін бақылау бекеттері және барлық станциялардағы келу уақыты алдын ала айқындалған.
Бұған дейін Қытайдың ресми деректеріне сәйкес, елде осындай 17 тұрақты жүк теміржол бағыты болған. Олар Қытайдың 9 қаласын Еуропаның 6 елімен байланыстырып, жыл сайын бұл бағыттармен 1 000-нан астам жүк пойызы жүріп отырған. Жаңа қозғалыс кестесінің енгізілуімен мұндай маршруттардың саны 24-ке жетіп, халықаралық өндірістік тізбектер мен жеткізу тізбектерінің үздіксіз жұмыс істеу мүмкіндігі едәуір кеңейді.