Бейсенбі күні Алматы қаласындағы Сиань мәдени орталығында ай күнтізбесі бойынша Қытайдың дәстүрлі Жаңа жылы – Көктем мерекесіне (Чуньцзе) арналған мерекелік шара өтті. Биылғы жылдың нышаны – Отты Жылқы, деп хабарлайды Xinhua.
Іс-шараны Сиань мәдени орталығы Қазақстан дүнгендерінің қауымдастығымен және «Бүгінгі Жібек жолы» газетімен бірлесіп ұйымдастырды. Мерекеге мәдениет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дүнген диаспорасының өкілдері сынды 50-ден астам адам қатысты.
Қазақстан дүнгендерінің қауымдастығы мен «Жаңа Жібек жолы» халықаралық академиясы қоғамдық қорының басшысы Хусей Дауров құттықтау сөзінде:
«Қазақстан – қалыптасу жолындағы жас мемлекет. Қытай халқында “өзеннен тастарды ұстап өту” деген көне даналық бар. Менің ойымша, еліміздің дамуы үшін Қытайдың тәжірибесі мен қолдауы өте маңызды», – деді.
Сиань мәдени орталығының басшысы Лю Цзунцзян өз сөзінде мәдени алмасулар халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар бір-бірінің тарихы, тілі мен дәстүрін тереңірек тануға мүмкіндік беріп, өзара құрмет рухында өтеді.