Қытайдың солтүстік-батысындағы Нинся-Хуэй автономиялық ауданының әкімшілік орталығы Иньчуань қаласына «Қытай – Орталық Азия» трансшекаралық жүк тасымалы аясында Қазақстаннан 1767 тонна зығыр тұқымы жеткізілді, деп хабарлайды Xinhua.
Уақтылы әкелінген ауыл шаруашылығы шикізаты жоғары сапалы өсімдік майын өндіруге пайдаланылып, ай күнтізбесі бойынша Қытайдың Жаңа жылына – Көктем мерекесіне (Чуньцзе) орай арта түсетін сұранысты қамтамасыз ету үшін мереке алдындағы нарыққа шығарылады. Биыл бұл мереке 17 ақпанға сәйкес келеді.
Chinanews.com.cn порталының хабарлауынша, бұл ірі партия Қорғас өткізу пункті арқылы Қытай–Қазақстан шекарасынан бондтық режимде өтіп, Иньчуань теміржол логистикалық орталығының оңтүстік жүк паркіне жеткізілген. Кейін жүк автокөлікпен қаланың кешенді бонд аймағына жөнелтіліп, терең өңдеуден өтеді. Өндірілген зығыр майы Иньчуань қаласының және оған іргелес аудандардың нарығына шығарылады.
Нинся-Хуэй автономиялық ауданы Қытайдағы зығыр тұқымын өңдеу мен тұтынудың негізгі өңірлерінің бірі саналады. Кәсіпкерлердің айтуынша, «Қытай – Орталық Азия» теміржол бағыттарының іске қосылуы бұл өнімді трансшекаралық тасымалдауды арзандатып, жеделдетіп қана қоймай, жергілікті агроөнеркәсіп кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда Иньчуань теміржол логистикалық орталығы сүт өнімдері, ұн, күріш және жаңа піскен көкөністер секілді негізгі тауарлардың мереке алдындағы жеткізілімін қамтамасыз ету үшін барлық көлік ресурстарын жұмылдырып отыр.