2026 жылдың қаңтар айында Қытайдың 70 ірі және орта қаласында коммерциялық тұрғын үй бағасының төмендеу қарқыны алдыңғы аймен салыстырғанда жалпы алғанда баяулаған. Бұл туралы жұма күні жарияланған ресми деректерде айтылды, деп хабарлайды Xinhua.
Бірінші деңгейлі төрт қалада — Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу және Шэньчжэньде — жаңа коммерциялық тұрғын үй бағасы айлық есеппен 0,3 пайызға, ал қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 0,5 пайызға төмендеген.
Екінші және үшінші деңгейлі қалаларда жаңа тұрғын үй бағасы тиісінше 0,3 және 0,4 пайызға азайса, қайталама нарықтағы баға 0,5 және 0,6 пайызға төмендеген.
Жылдық есеппен алғанда да аталған қалаларда тұрғын үй бағасының төмендегені тіркелді.
Қытай жылжымайтын мүлік секторына саяси қолдау көрсетуді жалғастырып, сұраныс пен ұсыныстың өзгермелі жағдайында жаңа даму моделін қалыптастыруға ұмтылуда. Билік бұл саланың сапалы дамуына жәрдемдесу қажеттігін бірнеше рет атап өтті.
ҚХР Тұрғын үй, қала және ауыл құрылысы министрі Ни Хун Қытай нақты қалалардың ерекшеліктерін ескере отырып, мақсатты саясат ұстанатынын, жаңа ұсынысты бақылауға, қорларды қысқартуға және тұрғын үй сапасын арттыруға басымдық берілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ құрылыс компанияларының орынды қаржылық қажеттіліктерін қолдау және халықтың тұрғын үйге деген өзекті сұранысын қанағаттандыру шаралары жалғасады.