Қытайдың солтүстігіндегі Хэбэй провинциясында алдағы қалың қар жаууына байланысты метеорологиялық апаттарға қарсы төртінші деңгейдегі төтенше әрекет ету режимі енгізілді, деп хабарлайды Xinhua.
Провинциялық метеорологиялық обсерваторияның мәліметінше, жексенбі күні түстен кейін және кешкі уақытта Шицзячжуан, Цанчжоу және Хэншуй қалаларында қалың қар жаууы күтіледі. Кейбір аудандарда боран болуы мүмкін.
Синоптиктердің ескертуінше, қолайсыз ауа райы көлік қозғалысына, коммуналдық қызметтердің жұмысына және жылыжай шаруашылықтарына кері әсер етуі ықтимал.
Жергілікті билік органдарына ауа райы жағдайын мұқият бақылау, тәуекелдерді бағалауды күшейту және ықтимал қауіптердің алдын алу тапсырылды.
Қытайда төтенше жағдайларға әрекет етудің төрт деңгейлі жүйесі қолданылады. Оның ішінде бірінші деңгей — ең жоғары қауіп деңгейі болып саналады.