Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қорғас автокөлік өткізу бекетінде өңірдегі барлық автокөлік өткізу пункттері арасында алғаш рет шекаралық бақылаудан жедел өткізу арнасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Xinhua.
Бұл шара негізінен коммерциялық автокөліктер экспорты кезінде қолданылады және жүргізушілерді кіріп-шығу тексерісінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Қорғас — Қытайдағы коммерциялық автокөліктерді экспорттауға арналған ең ірі құрлықтағы өткізу бекеті. Күн сайын Қорғас арқылы кедендік рәсімдеуден өткен 1 000-нан астам жүк автокөлігі Қазақстан мен Өзбекстан сияқты елдерге жөнелтіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қорғас шекаралық өткелі арқылы 450 мың автокөлік экспортталып, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 6,9 пайызға артып, тарихи рекордқа жетті.
Жедел өткізу арнасы бұрыннан жұмыс істеп тұрған «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін тексеру арнасының негізінде құрылып, оған жедел тексеру жабдықтары қосылды. Бұрын жүргізушілер көліктен түсіп, қызмет көрсету орнына барып, тексеру кезегіне тұруға мәжбүр болса, енді барлық рәсімді бір ретте өту мүмкіндігі берілді. Бұл шекаралық бақылау тиімділігінің айтарлықтай артқанын көрсетеді.
Жаңа арна іске қосылғаннан кейін Қорғас шекара қызметі оның жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауды жалғастырып, жүйенің функционалдық мүмкіндіктерін тұрақты түрде жетілдіріп, шекарадан кедергісіз өтуге барлық жағдайды қамтамасыз етпек.