Жексенбі күні Қытайдың шығысындағы Чжэцзян университетінде халықаралық даму саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Жаһандық даму институтының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Xinhua.
Жаңа институт Жаһандық даму бастамасын ілгерілетуге, сондай-ақ БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі және одан кейінгі кезеңге арналған Тұрақты даму күн тәртібін жүзеге асыруға жәрдемдесуге бағытталған.
Чжэцзян университетінің қолдауымен құрылған институт Қытайдың Сауда министрлігі, Білім министрлігі және Чжэцзян провинциясының халық үкіметінің жетекшілігімен жұмыс істейді.
Институт әлемнің түрлі елдерінен жоғары және орта буындағы мемлекеттік қызметкерлерді, сондай-ақ бизнес көшбасшыларын оқыту және академиялық бағдарламаларға қатысу үшін шақыруды жоспарлап отыр.
Институт директоры Хуан Сяньхайдың айтуынша, Чжэцзян университетінің қолданбалы экономика және мемлекеттік басқару салаларындағы ғылыми әлеуетіне сүйене отырып, оқу бағдарламалары әзірленеді және жаһандық тұрақты даму үшін кадрлық әлеуетті ұзақ мерзімді стратегиялық қолдау қамтамасыз етіледі.
Институт қазірдің өзінде әлем бойынша студенттерді қабылдай бастады. Алғашқы докторанттар тобы осы жылдың қыркүйек айында оқуын бастайды деп күтілуде.
Институт құру идеясы Йоханнесбургте өткен G20 саммитінде ұсынылған болатын. Ашылу рәсімінде жаһандық әріптестікті дамытуға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Чжэцзян университеті мен БҰҰ Халық қоры арасында халық және даму мәселелері бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу туралы меморандумға қол қойылды.
ЮНИСЕФ-тің Қытайдағы өкілі Амакобе Санде бұл институтпен балалардың тұрақты дамуына бағытталған жобалар бойынша ынтымақтастық орнатуға үміт білдірді.