Көктемгі салқын ауа райына қарамастан, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Чапчал-Сибо автономиялық уезінің бау-бақша индустриялық парктерінің бірінде гүл өсірушілер раушан гүлдерін сұрыптап, қораптарға орап, оларды Қорғас өткізу пункті арқылы Тәжікстанға жөнелтуге дайындауда, деп хабарлайды Xinhua.
Қорғас өткізу пункті Қытай мен Қазақстан шекарасында орналасқан.
Шыңжаңда өсірілетін гүлдер мен көшеттер жоғары сапасымен ерекшеленеді. Бұл салада жеткізу тізбектері үнемі жетілдіріліп келеді, соның арқасында өсімдік өнімдері Орталық Азия елдерінде кең сұранысқа ие болып отыр.
Сонымен қатар кедендік рәсімдердің қолайлылығы, географиялық жақындық және халықаралық нарықтағы жоғары сұраныс бұл өнімдердің экспортын арттыруға ықпал етуде.
Қорғаста орналасқан Khorgos Jinghan Ecological Landscape Co., Ltd. компаниясы 1300-ден астам гүл мен көшет түрін өсірумен айналысады.
Компанияның бас директоры Чжан Цзюньчжудың айтуынша, қазіргі уақытта экспорттық сатылымдардың қызған кезеңі жүріп жатыр. Кәсіпорын қызметкерлері Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген сатып алушылар үшін өнім дайындауда.
Соңғы жылдары компания жалпы алғанда 7 млн-нан астам көшет экспорттаған.
Гүлдер мен көшеттерді экспорттауды қамтамасыз ету үшін Қорғас кеден қызметі тез бұзылатын ауыл шаруашылығы өнімдерін тексеруге арналған «жасыл дәліз» ашты. Бұл экспорт тиімділігін 50 пайызға арттырып, кәсіпорындардың шығындарын азайтуға мүмкіндік берді.