Қытайдың импорт және экспорт тауарларының 139-шы жәрмеңкесі, сондай-ақ Гуанчжоу /Кантон/ жәрмеңкесі ретінде белгілі халықаралық көрме, сәрсенбі күні Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанчжоу қаласында ашылды. Биыл оған рекордтық көрсеткішпен 32 мыңнан астам кәсіпорын қатысуда.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көрме аймақтарының саны 179-ға дейін ұлғайған. Оның ішінде ақылды тағылатын құрылғыларға, ақпаратты бейнелеу технологияларына, тұтынушылық дрондарға, модульдік үйлер мен бақша құрылыстарына арналған тоғыз жаңа алаң ашылды. 9 сәуірдегі жағдай бойынша 290 ірі сатып алушы кәсіпорын жәрмеңкеге қатысатынын растаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп.
Қытай сыртқы сауда орталығының басшысы Чжу Юнның айтуынша, жаңа сатып алушылардың басым бөлігі «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы елдерден келуде, сонымен қатар Латын Америкасы мен Африкадан келушілер саны да едәуір артып отыр. Оның сөзінше, Қытайдың 15-бесжылдық жоспарының /2026-2030 жылдар/ сауда мен инвестицияны ықпалдастыру мақсатына сәйкес, Кантон жәрмеңкесі сауданы ілгерілетуге арналған қызметтердің бүкіл өмірлік цикліне бағытталған жаңа экожүйе қалыптастырады.
1957 жылы негізі қаланған Гуанчжоу жәрмеңкесі жылына екі рет өткізіледі. Ол Қытайдағы ең ұзақ тарихы бар кешенді халықаралық сауда шарасы саналады және елдің сыртқы сауда саласындағы ахуалдың маңызды индикаторы ретінде қарастырылады.