Қытайдың HH-200 коммерциялық ұшқышсыз әуе жүк тасымалдау жүйесі Шэньси провинциясының Пучэн уезінде алғашқы ұшуын сәтті орындады. Бұл ірі көлемді ұшқышсыз жүк ұшақтарын дамытудағы маңызды кезең болды. Хабарланғандай, сынақ барысында аппараттың барлық жүйелері штаттық режимде жұмыс істеп, ұшу тұрақты өтті, ал жоспарланған маневрлер жоғары көрсеткіштермен орындалды.
HH-200 ұшағын AVIC корпорациясы әзірлеген. Ол екі қозғалтқышы бар, жоғары қанатты және тікбұрышты фюзеляжды ұшақ болып табылады. Жүк бөлігінің сыйымдылығы 12 текше метрді құрайды және оны 18 текше метрге дейін ұлғайтуға болады. Ең жоғары пайдалы жүк көтерімділігі 1,5 тоннаға жетеді. Ұшақтың крейсерлік жылдамдығы сағатына 310 шақырымға дейін, ал ұшу қашықтығы 2360 шақырымға дейін барады.
Әзірлеушілердің айтуынша, аппаратты жасау кезінде заманауи конструкциялық шешімдер мен композиттік материалдар қолданылған, соның арқасында ұшақтың салмағы 20 пайызға азайып, пайдалану шығындары төмендеген. Ұшақ толық автономды басқару жүйесімен жабдықталған және жасанды интеллект технологияларының көмегімен кедергілерді айналып өте алады.
HH-200 әртүрлі пайдалану жағдайларына жоғары бейімділігімен ерекшеленеді. Ол ұзындығы 500 метрден басталатын ұшу-қону жолақтарында, теңіз деңгейінен 4200 метрден жоғары биіктіктегі таулы әуежайларда, сондай-ақ Цельсий бойынша –40 градустан +50 градусқа дейінгі экстремалды температура жағдайында жұмыс істей алады.