Қытай билігі экономикалық өсімді нығайтуға, ішкі сұранысты кеңейтуге және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар басым саясаттық бағыттарды жариялады. Үйлестірілген макроэкономикалық шаралар кешені енгізіліп, жағдайға байланысты уақтылы қосымша шаралар қабылданатын болады. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Ван Чанлинь баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, үкімет нақты ішкі сұранысты ынталандыру бойынша шаралар қабылдап, 2026–2030 жылдарға арналған ішкі сұранысты кеңейту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлейді және белгіленген талаптарға сәйкес келетін ірі жобаларды іске асыруды жеделдетеді.
Ел технологиялық инновацияларды ынталандыруға, жаңа салаларды жедел дамытуға, «жасанды интеллект плюс» бастамасын ілгерілетуге және «ақылды» экономиканың жаңа нысандарын дамытуға күш салады. Сонымен қатар қызмет көрсету секторының әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар қабылданады.
Билік жұмыспен қамтуды тұрақтандыру және халық табысын арттыру бойынша шараларды күшейтуге уәде берді. Бұл бағытта жұмыс орындарын қамтамасыз ету, еңбек сапасын жақсарту, қала және ауыл тұрғындарының табысын арттыру жоспарларын іске асыру көзделген. Сондай-ақ халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғау жүйесі нығайтылатын болады.
Бұдан бөлек, Қытай энергия ресурстары, шикізат және азық-түлік сияқты негізгі тауарлардың жеткізілімі мен бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ұмтылады. Сондай-ақ жаңа үлгідегі энергетикалық жүйені құруды жеделдетіп, жылжымайтын мүлік нарығының тұрақты дамуына жәрдемдеседі, деп атап өтті ол.