Қытайдың солтүстік-батысындағы Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданында трансшекаралық электрондық коммерция саласындағы жаңартылған қоғамдық қызметтер платформасы ресми түрде іске қосылды. Ол цифрлық кедендік рәсімдеу мен декларациялау бойынша жоғары сапалы қызметтер көрсетуге және Қытай кәсіпорындары мен Орталық Азиядағы серіктестер арасындағы сауданы дамытуға бағытталған.
Жаңа платформа туралы СУАР Сауда басқармасы мен Үрімші кеден басқармасы бірлесіп хабарлады. Бұл жүйеде кәсіпорындар бір ғана есепті толтыру арқылы бірнеше терминал арқылы декларациялауды аяқтап, кедендік рәсімдеу жағдайы туралы ақпаратты бірнеше секунд ішінде ала алады. Бұл кедендік рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетіп, сауда операцияларының шығындарын азайтады. Қазіргі уақытта барлық кәсіпорындарға платформа арқылы тегін кедендік декларациялау қызметтері қолжетімді.
«Біздің компанияның қызметі негізінен Орталық Азия нарықтарына бағытталған. Бұл платформа бізге үлкен көмек болады», — деді Urumqi Tulian International Trading Co., Ltd компаниясының бас директоры Лю Чжифэн. Оның айтуынша, платформа дәстүрлі сыртқы сауданың логистика және кедендік рәсімдеу салаларындағы артықшылықтарын онлайн-сауданың ыңғайлылығымен біріктіріп, жоғары сапалы тауарларды Орталық Азия нарықтарына жылдамырақ жеткізуге мүмкіндік береді.
Үрімші кеден басқармасының басшысы Хао Вэймин бұл платформаның іске қосылуы Синьцзяндағы трансшекаралық электрондық коммерция үшін бизнес-ортаны одан әрі оңтайландырудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Кеден органдары сондай-ақ TIR халықаралық автомобиль тасымалы жүйесін қолдау және жыл бойы кедендік қызмет көрсету сияқты қосымша шараларды енгізді, бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы логистиканың тиімділігін арттыруға бағытталған.
СУАР Сауда басқармасының басшысы Син Таоның айтуынша, жаңа платформа Синьцзян мен Орталық Азия арасындағы электрондық сауданы дамытуға арналған «цифрлық Жібек жолы» іспеттес. Әсіресе шағын және орта кәсіпорындардың халықаралық саудаға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуде оның маңызы зор. Болашақта платформаның функционалы одан әрі жетілдіріледі.