Сенбі күні жарияланған ресми мәліметтерге сәйкес, Қытайдың сыртқы саудасы түрлі өңірлер мен ведомстволар қабылдаған үйлестірілген шаралардың арқасында сенімді өсімді сақтап қалды. Бұл Қытайдың импорт-экспорт саласының тұрақтылығы мен өміршеңдігін көрсетеді.
ҚХР Бас кеден басқармасының /ГТУ/ мәліметінше, 2026 жылдың сәуір айында Қытайдың тауар импорты мен экспортының жалпы көлемі юаньмен есептегенде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,2 пайызға өсті. Өткен айда импорт пен экспорттың жалпы құны 4,38 трлн юаньға /шамамен 639,4 млрд АҚШ доллары/ жетті.
Атап айтқанда, экспорт жылдық есепте 9,8 пайызға өсіп, 2,48 трлн юаньды құрады, ал импорт 20,6 пайызға артып, 1,9 трлн юаньға жетті. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қытайдың сыртқы саудасының жалпы көлемі 16,23 трлн юань болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,9 пайызға ұлғайды.
ҚХР Бас кеден басқармасының статистика және талдау департаментінің басшысы Люй Далян сәуір айында сыртқы сауда өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі таңбалы көрсеткішті сақтап, наурызбен салыстырғанда 6,5 пайызға артқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл Қытайдың сыртқы саудасының жоғары тұрақтылығы мен өміршеңдігін көрсетеді.
«Жыл басынан бері сыртқы сауда үйлестірілген саяси шаралар мен барлық өңірлер мен ведомстволардың белсенді күш-жігерінің арқасында жақсы нәтиже көрсетуде», — деді Люй Далян.
Қытай экспортының негізгі бөлігін құрайтын электромеханикалық өнім экспорты алғашқы төрт айда 17,6 пайызға өсіп, 5,92 трлн юаньды құрады. Оның елдің жалпы экспортындағы үлесі 63,5 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайыздық тармаққа артты.
Әсіресе жасыл және төмен көміртекті өнім экспорты қарқынды өсті. Электромобильдер, литий аккумуляторлары және жел турбиналары экспорты тиісінше 68,1 пайызға, 43,2 пайызға және 40,7 пайызға ұлғайды.
Жеке меншік кәсіпорындар саудадағы негізгі үлесті сақтап қалды. Қаңтар-сәуір айларында олардың импорт және экспорт көлемі 15,9 пайызға өсіп, 9,31 трлн юаньға жетті. Бұл елдің жалпы сауда көлемінің 57,4 пайызын құрады.
Сарапшылар жоғары экспорттық көрсеткіштер әлемдік сұраныстың қалпына келуі мен Қытайдың кешенді өнеркәсіптік экожүйеге сүйене отырып сенімді әрі тиімді жеткізілімдерді қамтамасыз ету қабілетінің үйлесімін көрсеткенін айтты.
Импортқа келсек, Қытайдағы ішкі нарықтың кеңеюі мен өнеркәсіптің жаңғыртылуы шикізат пен озық жабдықтарға деген сұранысты арттырды. Шикі мұнай, темір кені және соя секілді негізгі шикізат импорты өсуін жалғастырды, ал жоғары технологиялық компоненттер мен жабдықтарды сатып алу жаңа сапалы өндіргіш күштердің дамуына байланысты ұлғайды.
Сенбі күні жарияланған деректер Қытайдың сауда диверсификациясы одан әрі тереңдеп жатқанын да көрсетті. Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы /АСЕАН/ Қытайдың ең ірі сауда серіктесі болып қала берді. Қаңтар-сәуір айларында Қытай мен АСЕАН арасындағы сауда көлемі жылдық есепте 15,7 пайызға өсті.
Екінші орында Еуропалық одақ тұр, Қытаймен тауар айналымы 13,2 пайызға артты. Сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы елдермен Қытай саудасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5 пайызға ұлғайып, АҚШ-пен импорт және экспорт көлемінің төмендеуін тиімді түрде өтеді.
Есепті кезеңде Қытай мен Африка елдері арасындағы сауда көлемі жылдық есепте 19,4 пайызға өсіп, алғаш рет 800 млрд юаньнан асты. Бұл көрсеткіштің алдағы уақытта да арта түсуі күтілуде.
«1 мамырдан бастап Қытай дипломатиялық қатынас орнатқан Африканың барлық 53 елі үшін нөлдік тариф режимін енгізді. Қазіргі уақытта алма, апельсин және авокадо секілді маусымдық ауыл шаруашылығы өнімдері Қытай нарығына келе бастады», — деді Люй Далян. Оның айтуынша, Қытайдың ауқымды нарығы Африканың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Соңғы жылдары Қытай импорт пен экспорттың неғұрлым теңгерімді дамуына, сауда құрылымын оңтайландыруға және жоғары сапалы өсімге қол жеткізуге бағытталған нақты шаралар қабылдап келеді. Елде кедендік баждардың орташа мөлшерлемесін төмендету және Қытай халықаралық импорттық ЭКСПО-сы /CIIE/ сияқты ірі көрмелердің мүмкіндіктерін пайдалану секілді бастамалар іске асырылып, екіжақты ашықтық үшін маңызды платформалар құрылды.