Қытайдың Contemporary Amperex Technology Co. Limited (CATL) компаниясы Венгрияның шығысындағы Дебрецен қаласында орналасқан жаңа кәсіпорында аккумулятор модульдерін құрастыруды бастады. Компания мәліметінше, жаңа өндірістік желідегі жұмыстар мамыр айының басында іске қосылған. Оның жылдық өндірістік қуаты 5 гигаватт-сағатты құрайды.
Жаңа нысан іске қосылғанға дейін модульдер өндірісі 2024 жылдың күзінен бастап жалға алынған алаңда екі өндірістік желіде жүргізіліп келген. Осы уақыт аралығында онда шамамен 240 мың аккумулятор модулі шығарылды. Бұл Еуропадағы шамамен 60 мың электр көлігін жабдықтауға жеткілікті.
CATL сондай-ақ Дебреценнің Оңтүстік индустриялық паркінде аккумулятор элементтерін шығаратын алғашқы зауыт құрылысының аяқталғанын хабарлады. Қажетті рұқсаттар алынғаннан кейін компания сынақ өндірісін бастауды жоспарлап отыр.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл инвестициялар Еуропада жоғары өнімді әрі қауіпсіз электр көлігі аккумуляторларына деген сұраныстың артуымен байланысты.
CATL болашақта да инновациялық, ұзақ мерзімді және жоғары тиімді аккумуляторлық шешімдер арқылы Еуропа нарығының сұранысын қанағаттандыруды жалғастыратынын, сондай-ақ өнімдерін өңір тұтынушыларының қажеттіліктеріне бейімдейтінін мәлімдеді.