Жексенбі күні Грузия астанасында орта мектеп оқушылары арасында өткізілетін 19-шы дүниежүзілік «Қытай тілі көпірі» байқауының ұлттық кезеңінің финалы өтті.
Финалды Грузиядағы Қытай елшілігі мен Альте университеті жанындағы Конфуций институты ұйымдастырды. Байқау жеңімпазы атанған 17 жастағы Анна Перцулиани Қытайда өтетін халықаралық финалда Грузияның атынан қатысады.
Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Қытайдың Грузиядағы елшілігінің кеңесшісі Дай Чуньюн соңғы жылдары Қытай мен Грузия арасындағы гуманитарлық алмасулардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл грузиялық оқушылардың қытай тілін үйренуіне бұрын-соңды болмаған қолайлы мүмкіндіктер туғызуда.
Дай Чуньюнның сөзінше, «Қытай тілі көпірі» байқауы грузиялық жастарға Қытайдың бай мәдениеті мен көне тарихын тереңірек тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл сайыс қытай халқына грузин жастарының қабілеті мен дарынын көруге жол ашады.
Ол байқауға қатысушылардың қытай тілін меңгеру жолындағы әрбір шағын қадамы болашақта екі ел арасындағы достықты нығайтуға бағытталған үлкен қадамға айналатынын атап өтті.
Финал «Қытай тілінің қанатымен самға» ұранымен өтті. Жазбаша емтихан, тақырыптық сөз сөйлеу, викторина және шығармашылық қабілеттерді көрсету кезеңдерінің қорытындысы бойынша Анна Перцулиани 90,22 балл жинап, 17 финалистің арасында бірінші орынға ие болды.