China Eastern Airlines әуе компаниясы Шанхай мен Тбилиси арасында тікелей әуе қатынасын ресми түрде ашты. Шанхайдағы Пудун халықаралық әуежайынан ұшып шыққан алғашқы MU285 рейсі Тбилиси халықаралық әуежайына сәтті қонып, екі қала арасындағы тұрақты әуе қатынасының басталғанын білдірді.
Жаңа бағыттың ашылу рәсімінде Грузияның Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе соңғы жылдары Грузия мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, тікелей рейстердің іске қосылуы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және гуманитарлық алмасуды дамытуға маңызды серпін береді. Сонымен қатар ол Қытайдың экономикалық даму мен жаңғыруда зор жетістіктерге жеткен ел ретінде Грузия үшін негізгі халықаралық серіктестердің бірі екенін айтты.
Қытайдың Грузиядағы елшісі Чжоу Цянь жаңа әуе бағытының ашылуы екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің дамуының кезекті нақты нәтижесі болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, тікелей әуе қатынасы туристер ағынының артуына, сауда мен инвестициялық ынтымақтастықтың кеңеюіне, сондай-ақ екі ел азаматтары арасындағы байланыстардың нығаюына ықпал етеді.
China Eastern Airlines компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сяоцюньнің мәліметінше, алғашқы рейспен 274 жолаушы тасымалданды, ал ұшу ұзақтығы шамамен 10 сағатты құрады. Бағытқа кең фюзеляжды Airbus A330 ұшақтары қызмет көрсетеді.
Шанхай – Тбилиси – Шанхай бағыты бойынша тұрақты рейстер аптасына үш рет – сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері орындалады.