Қытай мен Канада сауда, инвестиция және өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейту арқылы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуды көздеп отыр. Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И Манилада Канаданың Сыртқы істер министрі Анита Анандпен өткен кездесу барысында мәлімдеді.
Ван Идің айтуынша, 2026 жылдың басынан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас оң серпін көрсетуде. Бірінші жартыжылдықта екіжақты сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға артты, ал Канаданың Қытайға экспорты 23,3 пайызға өсті. Қытай нарығына канадалық рапс пен сиыр еті қайта жеткізіле бастады, ал Канадада қытайлық электр көліктері пайда болуда.
Қытай сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бейжіңнің саяси өзара сенімді нығайтуға, сауда, жасанды интеллект және жаһандық басқару салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ бар келіспеушіліктерді диалог арқылы шешуге дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қытай мен Канада арасындағы қарым-қатынасты дамыту екі елдің де мүддесіне сай келеді және «тарихи тұрғыдан дұрыс таңдау» болып табылады.
Канаданың Сыртқы істер министрі Анита Ананд Оттаваның Қытаймен қарым-қатынасты өзінің ең маңызды екіжақты байланыстарының бірі ретінде қарастыратынын және «бір Қытай» саясатын ұстануды жалғастыратынын мәлімдеді. Ол энергетика, сауда, қаржы, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ гуманитарлық және мәдени алмасуды кеңейтуге дайын екенін білдірді. Кездесу барысында тараптар өзара қызығушылық тудыратын бірқатар халықаралық және өңірлік мәселелерді де талқылады.