Қытайдың Сауда министрлігі шетелдік жүйелік бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдаланатын басып шығару және көшіру функциялары бар импорттық кеңсе жабдықтарына қатысты ұлттық қауіпсіздік саласында тергеу басталғанын жариялады.
Ведомствоның мәліметінше, алдын ала бағалау мұндай өнімдердің сыртқы сауда саласындағы ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне әлеуетті қауіп төндіруі мүмкін екенін көрсеткен. Шетелдік жүйелік бағдарламалық қамтамасыз ету деп шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар әзірлеген, сынақтан өткізген немесе техникалық қолдау көрсететін драйверлер мен кіріктірілген бағдарламалық жасақтама түсіндіріледі.
Тергеу барысында мұндай жабдық импортының ұлттық қауіпсіздікке ықпалы, ішкі нарықтың шетелдік технологияларға тәуелділік деңгейі, отандық саланың жай-күйі және оның ішкі сұранысты қамтамасыз ету мүмкіндігі бағаланады. Сондай-ақ шет мемлекеттердің саясаты мен сыртқы саудаға қатысты басқа да факторлардың ықпалы зерттеледі.
Тергеу аясында жазбаша сауалдар жолдау, тыңдаулар өткізу, көшпелі тексерулер мен уәкілетті ұйымдардың инспекциялары ұйымдастырылуы мүмкін. Оның қорытындысы бойынша Қытайдың Сауда министрлігі ресми есеп дайындайды немесе іс бойынша тиісті шешім қабылдайды.
Тергеуді басталған күннен бастап 12 ай ішінде аяқтау жоспарланған. Қажет болған жағдайда бұл мерзім ұзартылуы мүмкін. Мүдделі тараптар тиісті хабарлама жарияланғаннан кейін 30 күн ішінде тергеу рәсіміне қатысты жазбаша пікірлерін ұсына алады.