Қытайлық инженерлер Грузияда Квешети — Коби учаскесіндегі Солтүстік — Оңтүстік автомобиль дәлізі жобасы аясында салынып жатқан B3 аркалы көпірінің аэродинамикалық сынақтар кешенін аяқтады. Құрылыс аяқталғаннан кейін бұл нысан әлемдегі осы үлгідегі ең ірі темірбетон аркалы көпірлердің біріне айналады, деп хабарлайды «Синьхуа» агенттігі.
Сынақтар Еуропаның техникалық стандарттарына сәйкес Хунань университетінің көпір құрылыстарының қауіпсіздігі мен орнықтылығы жөніндегі мемлекеттік негізгі зертханасында жүргізілді. Нәтижелер көпір конструкциясының аса күшті жел жүктемелеріне төтеп бере алатынын растады. Бұл көпірдің Кавказдың биік таулы бөлігінде орналасқанын ескерсек, аса маңызды. Мұнда қыста ауа температурасы минус 20 градусқа дейін төмендеп, қар жамылғысының қалыңдығы екі метрге дейін жетуі мүмкін.
B3 көпірінің жалпы ұзындығы шамамен 438 метрді, негізгі аркасының аралығы 286 метрді құрайды. Ал жол бөлігі шатқал түбінен 164 метр биіктікте орналасады. Пайдалануға берілгеннен кейін B3 Кавказ өңіріндегі ең ұзын аркалы көпірге айналады. Сонымен қатар ванттармен ілінген аспалы бетондау әдісімен салынған темірбетон аркалы көпірлер арасында негізгі аралығының ұзындығы бойынша әлемде төртінші орын алады.
Жобаның мердігері — Қытай теміржол құрылысы корпорациясының (CRCC) 23-бюросы. Жаңа көпір қыста қар мен көктайғақ салдарынан қозғалыс қиындайтын таулы аудандардағы көлік қатынасының сенімділігін арттырады деп күтілуде. Сондай-ақ ол Еуразия көлік желісінің бір бөлігі саналатын Солтүстік — Оңтүстік бағытын дамытуға ықпал етпек.