Электромобильдер Қытай автонарығының үштен екісіне жуығын қамтыды

1672
Фотосурет: Xinhua

Жаңа энергия көздерімен жүретін автомобильдер (NEV) Қытайдың жеңіл автомобильдер нарығының үштен екісіне жуығын қамтыды.

Шілдеде олардың бөлшек саудадағы үлесі 65,1 пайызға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайыздық тармаққа өсті. Бұл көрсеткіш төрт ай қатарынан 60 пайыздан жоғары деңгейде сақталып отыр, деп хабарлайды «Синьхуа» агенттігі. Болжам бойынша, тамызда NEV үлесі 65,8 пайызға дейін артып, сатылым көлемі шамамен 1,04 миллион автомобильге жетуі мүмкін.

Нарықтың өсуіне өндіріс шығындарының төмендеуі, технологиялардың дамуы және қуаттау инфрақұрылымының кеңеюі ықпал етуде. Шілде айының соңында Қытайда 23,68 миллион қуаттау құрылғысы болды, бұл бір жыл бұрынғыдан 41,9 пайызға көп. Сонымен қатар аккумуляторлар, интеллектуалды жүйелер мен өндіріс технологиялары жетілдіріліп жатыр. Мәселен, биыл таныстырылған CATL компаниясының үшінші буындағы Shenxing аккумуляторы, өндірушінің мәліметінше, 3 минут 44 секунд ішінде 10 пайыздан 80 пайызға дейін қуаттала алады.

Қытай автомобиль өнеркәсібінің басты бәсекелестік артықшылықтарының біріне инновацияларды енгізу жылдамдығы айналып отыр. Бұрын жаңа автомобильді әзірлеу циклі үш жылдан бес жылға дейін созылса, соңғы жылдары қытайлық өндірушілер бұл мерзімді шамамен 18 айға дейін қысқартты. Әсіресе Янцзы өзенінің атырауында қуатты өндірістік экожүйе қалыптасқан. Қытай электромобильдерінің шамамен 40 пайызы осы өңірде шығарылады. Мұнда «төрт сағаттық өнеркәсіптік цикл» деп аталатын жүйе жұмыс істейді: автомобиль өндірісіне қажетті құрамдас бөлшектердің барлығына дерлік төрт сағаттық жол аясында қол жеткізуге болады.

Сонымен бірге әзірлеу үдерісінің жеделдеуі қауіпсіздік пен сенімділік талаптарының күшеюімен қатар жүруде. 1 шілдеден бастап Қытайда электромобиль аккумуляторларының қауіпсіздығына арналған жаңа міндетті стандарт күшіне енді. Ол жоғары температураның әсеріне, соқтығысуға, қысқа тұйықталуға және шамадан тыс қуаттауға қатысты кешенді сынақтарды қарастырады. Сала өкілдерінің пікірінше, электромобильдердің бәсекеге қабілеттілігі енді жаңа технологиялардың пайда болуымен ғана емес, оларды қауіпсіз, сенімді әрі көпшілікке қолжетімді жаппай өндірілетін өнімге қаншалықты жылдам айналдыруға болатынымен де айқындалады.

Xinhua Silk Road - Belt and Road Portal, China

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -