24 қыркүйектен бастап Алматы мен Қытайдың Чунцин қаласы арасында тұрақты тікелей әуе қатынасы ашылады. Жаңа бағыт Чунцин мен Орталық Азия арасындағы алғашқы тікелей жолаушылар рейсі болмақ.
Рейстерді қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы орындауды жоспарлап отыр. Чунциннен Алматыға FS7870 рейстері бейсенбі және жексенбі күндері, ал кері бағыттағы FS7869 рейстері сәрсенбі және сенбі күндері орындалады.
Жаңа бағыттың ашылатыны туралы Чунцин қаласының «Цзянбэй» халықаралық әуежайы хабарлады. Жаңа әуе қатынасы сапарлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және мәдени алмасуларды дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
Екі ел арасында қолданыстағы визасыз режим де жолаушылар қатынасының дамуына ықпал етуде. Қазақстан мен Қытай азаматтарын визалық талаптардан өзара босату туралы үкіметаралық келісім 2023 жылғы қарашада күшіне енді.