Бейсенбі күні Тәжікстан астанасы Душанбеде Орталық Азиядағы пиринг және байланыстылық жөніндегі 5-ші форум (CAPIF 5) ашылды. Бұл туралы «Ховар» ақпарат агенттігі хабарлады.
Іс-шара 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Оған Орталық Азия елдері мен басқа өңірлерден интернет-провайдерлердің, желілік операторлардың, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, CAPIF құрылғаннан бері желілік байланыстылық, интернет-инфрақұрылымды және тәуелсіз интернет-маршруттарды дамыту, сондай-ақ цифрлық саладағы кәсіби ынтымақтастық мәселелерін талқылайтын өңірлік техникалық алаңдардың біріне айналды.
Пиринг (ағылшын тіліндегі peering — «тең» немесе «көршілік») — интернет-провайдерлер немесе желілер арасында делдалдарды немесе ақылы магистральдық арналарды пайдаланбай, трафикті тікелей алмасуға мүмкіндік беретін тікелей келісім мен техникалық қосылу.