Еуразиялық сән апталығы – 2026 Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Алаэр қаласында 19–25 қазан аралығында өтеді.
Оған Орталық Азия елдерінің, Ресей мен Еуропалық одақтың дизайнерлері мен брендтері, сондай-ақ Қытайдың тоқыма және тігін өнеркәсібі кәсіпорындары шақырылды.
Сән апталығының бағдарламасына топтамалардың көрсетілімдері, кәсіби семинарлар мен тақырыптық салондар, тоқыма саласы өкілдерінің іскерлік кездесулері, сондай-ақ бірнеше күнге созылатын тоқыма бұйымдары базары кіреді.
Еуразиялық сән апталығы алғаш рет Шыңжаңның әкімшілік орталығы Үрімжіден тыс жерде өтеді. Іс-шараны өткізу орны ретінде өндірістік базасы дамыған және тоқыма өнеркәсібінің толық өндірістік тізбегі қалыптасқан Алаэр қаласы таңдалды. Мұнда шығарылатын өнім Қытайдың ішкі нарығына ғана емес, Орталық және Батыс Азияға, сондай-ақ Еуропаға экспортталады.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Өнеркәсіп және ақпараттандыру басқармасының мәліметінше, іс-шараның міндеттерінің бірі — бірегей дизайн мен отандық брендтерді дамыту. Сонымен қатар шикізатты өңдеуге, сауда мен логистикаға назар аударылады. Бұл өңірдің тоқыма индустриясын одан әрі дамытуға және оның халықаралық байланыстарын кеңейтуге ықпал етеді деп күтілуде.