Тұшпара, «гунбао» тауығы, мапо тофу, қуырылған күріш, тіпті тауық қанаттары — қытайлық ғарышкерлердің мәзірі дәстүрлі «ғарыш тағамына» барған сайын азырақ ұқсайды. Бүгінде «Тяньгун» ғарыш станциясы экипаждарының ас мәзірінде азық-түлік пен тағамның 200-ге жуық түрі бар.
2003 жылы Қытайдың алғашқы пилотталған «Шэньчжоу-5» миссиясы кезінде Ян Ливэй негізінен тез дайындалатын тағамдармен қоректенсе, қазір ғарышкерлер тамақты тікелей орбитада дайындай алады. Станцияда тағамды жылытуға және пісіруге арналған жабдық бар, ал аэрофритюрница май қоспай, соның ішінде тауық қанаттарын да әзірлеуге мүмкіндік береді.
Мәзір экипаж мүшелерінің талғамы ескеріле отырып жасалады. Мәселен, теңіз жағалауындағы провинцияда өскен Ван Япин үшін теңіз өнімдері қосылған тұшпара дайындалса, Сычуань тумасы Е Гуанфуға ащылау тағамдар ұсынылған. Қытайдың дәстүрлі мерекелері кезінде орбитаға арнайы мерекелік тағамдар да жеткізіледі.
Тағам әзірлеушілерге салмақсыздық жағдайындағы адам ағзасының ерекшеліктерін де ескеру қажет. Ағзадағы сұйықтықтың қайта бөлінуіне байланысты иіс сезу қабілеті кемінде 30 пайызға төмендеуі мүмкін, сондықтан тағамның дәмі бұрынғыдан солғындау сезіледі. Мұның орнын толтыру үшін ас мәзіріне дәмі айқын тағамдар, соя тұздығы және қоюландырылған бұрыш тұздығы енгізіледі. Сонымен қатар ғарыш тағамында ақуыз бен кальций жеткілікті болуы және бұлшықет пен сүйек массасының азаюына қарсы тұруға көмектесуі тиіс.
«Ғарыш асханасының» өзі де өзгеріп келеді. Арнайы жабдық шамамен 20 минут ішінде ыстық тағам дайындауға мүмкіндік береді, ал станция үшін әзірленген конвекциялық пеште тіпті барбекю тәрізді тағамдар пісіруге болады. Ас мәзірінде жемістер мен көкөністер көбейіп, мұздатылған стейктер және салқындату тізбегін сақтауды қажет ететін басқа да өнімдер пайда болды.
Болашақта Қытай ғарышкерлердің Жерден жеткізілетін азық-түлікке тәуелділігін азайтуды көздеп отыр. 2023 жылдан бері орбитада өсімдіктердің 14 түрінің 20-дан астам сұрпын, соның ішінде салат жапырағын, сәбізді, картоп пен бидайды өсіру тәжірибелері жүргізілді. Сондай-ақ балық өсіру бойынша эксперименттер жасалды.
Бұл технологиялар болашақтағы алыс ғарыштық миссиялар үшін ерекше маңызды. Қытай 2030 жылға қарай Айға адам қондыруды жоспарлап отыр, ал мамандар ғарыштық тамақтануды дамытудың келесі қадамы ретінде Айда жеке «көкөніс бағын» құруды атайды.