Жүргізушісіз комбайндар, ауыл шаруашылығына арналған дрондар мен егістік алқаптарын басқарудың цифрлық жүйелері қытайлық аграршылардың күнделікті жұмысында кеңінен қолданылып келеді. Қытайдың негізгі астықты өңірлерінің бірі — Хэйлунцзян провинциясына барған АҚШ, Беларусь, Қазақстан, Куба, Сингапур және басқа елдерден келген 30-ға жуық журналист заманауи технологиялармен танысты.
27–30 қыркүйек аралығында шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Харбин және Цзямусы қалаларындағы ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорындар мен аграрлық шаруашылықтарды аралады.
Jiamusi Jichi Tractor Manufacturing зауытында журналистерге «Бэйдоу» спутниктік навигация жүйесімен жабдықталған дизельді-электрлі гибридті трактор көрсетілді. Heilongjiang Huida Technology компаниясы ауыл шаруашылығына арналған дрондарды, интеллектуалды суару жүйелерін және қазірдің өзінде түрлі елдерге экспортталып жатқан басқа да әзірлемелерін таныстырды.
Журналистердің ерекше қызығушылығын аумағы 1000 гектар болатын ферма тудырды. Мұнда жүргізушісіз комбайндар алдын ала белгіленген бағыттар бойынша өздігінен қозғалып, дрондар егістіктерді өңдейді, ал цифрлық платформа алқаптардың жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылап отырады.
Сингапурлық The Straits Times басылымының журналисі Йю Лун Тянь қазір ауыл шаруашылығындағы көптеген үдерісті смартфон арқылы бақылауға болатынын атап өтті. Беларусь телерадиокомпаниясының өкілі Ярослав Даниленко жасанды интеллектінің мүмкіндіктеріне және жүргізушісіз техниканы басқа елдерде кеңінен қолдану перспективаларына назар аударды.
Заманауи технологияларды енгізу Қытайдың азық-түлік қауіпсіздігі үшін ерекше маңызға ие. Әлемдегі егістікке жарамды жерлердің 9 пайыздан азына ғана иелік ететін ел дүниежүзі халқының бестен біріне жуығын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр.
2024 және 2025 жылдары Қытайда астық өндірісі жыл сайын 700 миллион тоннадан асты, ал жан басына шаққандағы астықпен қамтамасыз ету көрсеткіші 500 килограмнан жоғары болды. 2026 жылы ел астықтан тағы да рекордтық өнім алуды жоспарлап отыр.
Ауыл шаруашылығын жаңғыртудың 2026–2030 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, Қытай аграрлық сектордың дамуына ғылыми-техникалық прогрестің қосатын үлесін 67 пайызға жеткізуді көздейді. Жасанды интеллект пен интеллектуалды ауыл шаруашылығы техникасын одан әрі кеңінен енгізу басым бағыттардың бірі болмақ.