Сейсенбі күні Қытайдың Сянган арнайы әкімшілік ауданында Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) ұйымына мүше экономикалардың қаржы министрлерінің кездесуі ашылды.
Екі күндік кездесу Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясының Шэньчжэнь қаласында өтетін АТЭС экономикалары басшыларының 33-бейресми кездесуі қарсаңында қаржы саласындағы қазіргі нақты сын-қатерлердің салдарын еңсеруге бағытталған.
Кездесуге төрағалық еткен ҚХР Қаржы министрі Лань Фоань кіріспе сөзінде жаһандық белгісіздік пен геосаяси факторлардың ықпалы жағдайында Азия-Тынық мұхиты өңірінің экономикаларын өңірлік өркендеуге үлес қосуға шақырды.
Оның атап өтуінше, бұл үшін барлық тарап макроэкономикалық саясат мәселелері бойынша диалогты жандандырып, экономиканың орнықтылығын арттыру мақсатында оны трансформациялау үдерісін жеделдетуі, сондай-ақ өндірістік және жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қолдауы қажет.
АТЭС-тің 2026 жылғы жоғары лауазымды тұлғалар кездесулерінің төрағасы Чэнь Сюй қаржы министрлерінің қазіргі кездесуі экономикалық өсуді ынталандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру және экономикалық өзгерістерді ілгерілету ісінде бюджет-салық саясатының тиімділігін арттыруға ықпал ететінін мәлімдеді.
Кездесу барысында АТЭС экономикаларының өкілдері жан-жақты пікір алмасып, келісілген құжаттарды әзірлеу және негізгі мәселелер бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу бағытында жұмыс жүргізеді. Олардың қатарында халықтың әл-ауқатын қолдауға арналған бюджет-салық саясаты, цифрлық қызметтерді қаржыландыру, жергілікті жағдайларды ескере отырып, инклюзивті қаржылық қызметтерді дамыту, сондай-ақ АТЭС аясында қаржы саласындағы жас мамандар арасындағы тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бар.