2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қытай тұрғындары ел ішінде 5,3 млрд-тан астам туристік сапар жасаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға көп. Саяхатқа жұмсалған шығындар 2,2 пайызға өсіп, 4,95 трлн юаньға (шамамен 737 млрд доллар) жетті.
Бұл мәліметтерді ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі ішкі туристер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша жариялады.
Ең жоғары белсенділікті 4 млрд-тан астам сапар жасаған қала тұрғындары көрсетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 6,6 пайызға артық. Ауыл тұрғындарының үлесіне 1,27 млрд сапар тиесілі болып, өсім 5,1 пайызды құрады.
Қала тұрғындары саяхатқа 4,14 трлн юань жұмсаған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,2 пайызға көп. Ал ауыл тұрғындарының туристік шығындары 2,1 пайызға артып, 810 млрд юаньға жетті.
Қытай алдағы жылдары да туризм саласының өсу қарқынын сақтауды көздеп отыр. Туризмді дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бесжылдық жоспарына сәйкес, онжылдықтың соңына қарай ел ішіндегі туристік сапарлар саны жылына 8,3 млрд-қа, ал туристердің шығындары 7,7 трлн юаньға жетуі тиіс.
Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы Қытай тұрғындары ел ішінде 6,5 млрд-тан астам туристік сапар жасап, оған 6,3 трлн юань жұмсаған. Екі көрсеткіш те рекордтық деңгейге жеткен болатын.