Қытайда 7800 шақырымнан астам жүрдек автомагистраль цифрлық жаңғыртудан өтті. Көлік инфрақұрылымын бақылау үшін жасанды интеллект, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жерсеріктік технологиялар барған сайын кеңінен қолданылып келеді.
Мұндай технологияларды пайдаланудың бір мысалы — Хэнань провинциясындағы Хуанхэ өзені арқылы өтетін сегіз жолақты Гуаньду көпірі. Оның жай-күйін әуеден патрульдеуді, бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауды және үш өлшемді модельдеуді біріктіретін зияткерлік жүйе бақылайды.
Ұшқышсыз ұшу аппараттары көпір құрылымдары мен оған іргелес жол учаскелерін тексереді. Ұшақ үлгісіндегі аппараттар бір рет ұшқанда 35 шақырым радиустағы аумақты бақылауға қабілетті. Құрылыстың жасалған «цифрлық егізі» зақымданған жерлер мен басқа да ықтимал қауіптердің орналасқан орнын дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Осындай технологиялар Хэнань провинциясының автомобиль жолдарына да енгізіліп жатыр. Мұнда «Бэйдоу» жерсеріктік жүйесі мен лазерлік сканерлеу технологиясын пайдалану арқылы 31 мың шақырым автомагистральдың цифрлық модельдері жасалды. Деректер базасы көпірлерді, тоннельдерді және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдарын қоса алғанда, жол инфрақұрылымы нысандарының 127 санатын қамтиды.
ҚХР Көлік министрлігінің мәліметінше, елде қазірдің өзінде 60 автоматтандырылған терминал салынған, шамамен 27 млн көлік жабдығы «Бэйдоу» жүйесін пайдаланады, ал 696 ірі көпір көпдеңгейлі мониторинг жүйесіне қосылған.
2026 жылы Қытай көлік саласына зияткерлік технологияларды одан әрі енгізу бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама «ақылды» автомагистральдар, автоматтандырылған көлік жүргізу, цифрлық бақылау және кеме қатынасы салаларында 100-ден астам пилоттық жобаны жүзеге асыруды көздейді.