Қытай мен Канада Ванкуверде өткен стратегиялық экономикалық және қаржылық диалогтың екінші кезеңінің қорытындысы бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Тараптар сауда, инвестициялар және қаржылық ынтымақтастықты дамыту келешегін талқылады.
Келіссөздер ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Хэ Лифэннің, Канаданың қаржы министрі Франсуа-Филипп Шампаньның және халықаралық сауда министрі Маниндер Сидхудың тең төрағалығымен өтті.
Хэ Лифэн Қытай мен Канада арасындағы қатынастарда оң өзгерістер байқалып отырғанын атап өтіп, Бейжіңнің өзара құрмет, теңдік және өзара тиімділік қағидаттары негізінде экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Оның айтуынша, бұл диалог екі мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру жолындағы нақты қадам болды.
Канаданың қаржы министрі Франсуа-Филипп Шампань Оттаваның Қытаймен ынтымақтастықты дамытуға, экономикалық саясатты үйлестіруді нығайтуға және қаржы саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін растады.
Ал халықаралық сауда министрі Маниндер Сидху екіжақты сауданы жандандыруға және бірлескен экономикалық бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Олардың нақты шарттары әзірге нақтыланған жоқ.
Ресми диалог қарсаңында екі елдің үкіметтері мен іскерлік орта өкілдері сауда және инвестициялар саласындағы жаңа мүмкіндіктерге арналған бірлескен дөңгелек үстел өткізді.