Қытайда жасанды интеллект көмегімен жасалған виртуалды жануарлар туралы бейнероликтердің танымалдығы қарқынды өсіп келеді. Цифрлық мысықтар мен иттер әлеуметтік желілердің жұлдыздарына айналып, миллиондаған көрермен жинауда және мазмұн жасаушылар үшін жаңа табыс көзіне айналуда.
Қытайдың Douyin платформасында #AICutePets хэштегімен жарияланған бейнероликтер 3,19 миллиард рет қаралған. Бұл хэштегті 160 мыңнан астам пайдаланушы қолданған. Ал Xiaohongshu платформасында осындай мазмұндағы жарияланымдар 75,89 миллион қаралым жинап, 112 мың талқылауға себеп болды.
Ең табысты жобалардың бірі үш виртуалды мысықтың шытырман оқиғаларына арналған Maoziqi парақшасы болды. Оның авторы - Чэнду қаласының 29 жастағы тұрғыны. Бұған дейін ол жылжымайтын мүлік саласында жарнамалық мәтіндер жазумен айналысқан. Жоба сәуір айында іске қосылғаннан кейін небәрі алты ай ішінде жазылушылар саны 1,7 миллионға жетті, ал түрлі платформалардағы қаралымдардың жалпы саны 500 миллионнан асты.
Автор барлық жұмысты өз бетінше атқарады. Ол Microsoft Word мәтіндік редакторын, CapCut бейнеөңдеу бағдарламасын және Dreamina жасанды интеллект платформасын пайдаланады. Оның кино және телевизия саласында кәсіби білімі жоқ.
Виртуалды үй жануарларының танымалдығы қазірдің өзінде айтарлықтай табыс әкелуде. Maoziqi жобасы кірісінің шамамен 70 пайызы брендтермен жасалған жарнамалық келісімшарттардан түседі.
Чжу Буэр есімімен танымал қытайлық тағы бір жасанды интеллект мазмұнын жасаушының айтуынша, мұндай бейнероликтердің жетекші авторлары жарнамалық ынтымақтастық үшін 80 мың юаньға дейін табыс таба алады. Ал ең табысты авторлардың айлық кірісі 1 миллион юаньға жетеді.
Сарапшылар бұл үрдісті «эмоциялар экономикасы» деп аталатын бағыттың дамуымен байланыстырады. Оның ерекшелігі - тұтынушылардың ойын-сауыққа, ерекше әсерлерге және виртуалды кейіпкерлерге деген эмоциялық жақындық үшін ақша жұмсауға дайын болуы.
2025 жылы Z буынының тұтынушылық мінез-құлқына жүргізілген зерттеуге сәйкес, сауалнамаға қатысқан жастардың 90 пайызға жуығы жағымды эмоция алу үшін тауарлар мен қызметтерге кемінде бір рет ақша жұмсаған. Ал шамамен 40 пайызы мұндай сатып алуларды тұрақты түрде жасайды.
Осындай өнімдерге деген қызығушылық Шанхайда өтіп жатқан 9-шы Қытай халықаралық импорт тауарлары көрмесінде (CIIE) де байқалды. Мұнда ерекше үлгідегі ойыншықтар, коллекциялық бұйымдар және танымал кейіпкерлердің бейнелері негізінде жасалған тауарлар үлкен сұранысқа ие.
Генеративті жасанды интеллектінің дамуы кәсіби түсірілім тобын және қымбат жабдықтарды пайдаланбай-ақ, көрермен сұранысына ие бейнематериалдар жасауға мүмкіндік береді. Қытайдың цифрлық платформалары мен жарнама берушілері үшін виртуалды үй жануарлары коммерциялық дамудың жаңа бағытына айналып келеді.