Зимбабведе дәстүрлі қытай медицинасының (ДҚМ) емдеу әдістері барған сайын кеңінен танылып келеді. Ел астанасы Харареде мамандандырылған клиника жұмыс істейді. Мұнда науқастарға ине шаншу, емдік массаж және басқа да емшаралар ұсынылады.
Клиниканы Ричард Мутингвенде басқарады. Ол - Зимбабведе дәстүрлі қытай медицинасы мен акупунктура саласында кәсіби даярлықтан өткен алғашқы он маманның бірі.
2022 жылы ол Қытай үкіметі қаржыландырған төрт айлық оқу бағдарламасын аяқтады. Алған білімі оған 2023 жылы жеке медициналық тәжірибесін бастауға, ал екі жылдан кейін мамандандырылған клиника ашуға мүмкіндік берді.
Бүгінде медициналық мекеме күн сайын шамамен 30 науқасты қабылдайды. Олардың арасында елдің шалғай аудандарынан арнайы келетін адамдар да бар.
Клиникада акупунктура, яғни ине шаншу, дененің белгілі бір бөліктерін қыздыруға негізделген моксотерапия, медициналық банкаларды қолданатын вакуумдық терапия және дәстүрлі қытайлық туйна массажы пайдаланылады.
Мутингвенденің айтуынша, науқастар арқа ауруы, омыртқа аурулары, буын мәселелері мен ас қорыту жүйесінің бұзылыстары кезінде, сондай-ақ инсульттен кейінгі оңалту мақсатында көмекке жүгінеді.
Маман дәстүрлі қытай медицинасы Зимбабве тұрғындары үшін медициналық көмектің қосымша бір түріне айнала алады деп есептейді.
«Акупунктураның арқасында мен қоғамымыздағы адамдардың әл-ауқатын жақсартуға әлдеқайда елеулі үлес қоса аламын», - деді ол.
Мутингвенде мұндай емшараларға қызығушылықтың артуын науқастардың бір-біріне берген ұсыныстарымен және қытайлық емдеу әдістері туралы ақпараттың біртіндеп кеңінен таралуымен байланыстырады.
Алдағы уақытта ол дәстүрлі қытай медицинасының қызметтері Зимбабвенің әртүрлі өңірлеріндегі тұрғындарға қолжетімді болуы үшін мамандандырылған клиникалар желісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Оның ұзақ мерзімді мақсаты - елдің әр провинциясында кемінде бір осындай медициналық мекеме ашу.