Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының (АТЭЫ) Іскерлік консультативтік кеңесі (ABAC) өңірдегі сауданы, инвестицияларды және цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі ұсыныстар қамтылған 14 қорытынды құжатты қабылдады. Іскерлік орта өкілдерінің ұсынымдары Шэньчжэньде өтетін АТЭЫ экономикалары басшыларының алдағы 33-ші кездесуінде таныстырылады.
Бұл туралы ABAC-тың 2026 жылғы төрағасы, Sinochem Holdings Corporation Ltd. корпорациясының басшысы Ли Фаньжун кеңестің төртінші отырысының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында хабарлады.
Негізгі құжаттардың қатарында Азия-Тынық мұхиты еркін сауда аймағын құру және өңір экономикалары арасындағы өзара байланыстарды дамыту туралы мәлімдемелер бар.
Ли Фаньжунның айтуынша, бизнес өкілдері ашық нарықтарды, сауданың айқын ережелерін және инвестициялар үшін болжамды жағдайларды сақтауды қолдайды.
Кеңес Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) жетекшілік ететін көпжақты сауда жүйесін нығайтуға, сондай-ақ протекционизм мен біржақты сауда шектеулеріне қарсы іс-қимылға ерекше назар аударды.
Жасанды интеллектіні дамыту да басым бағыттардың біріне айналды. ABAC жаңа технологияларды реттеу тетіктерін жетілдіруге және оларды жауапкершілікпен пайдалануға жәрдемдесуге шақырды.
Сонымен қатар іскерлік орта өкілдері микро, шағын және орта кәсіпорындардың жасанды интеллект технологияларына қолжетімділігін кеңейту қажет деп санайды. Бұл олардың цифрлық экономикаға белсендірек қатысуына мүмкіндік береді.
2026 жылы АТЭЫ Іскерлік консультативтік кеңесінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Жыл бойы оның отырыстары Джакарта, Мехико, Бангкок және Шэньчжэнь қалаларында өтті.
Осы отырыстардың қорытындысы бойынша дайындалған 14 құжат экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына қатысты бизнес өкілдерінің ұстанымын көрсетеді және АТЭЫ көшбасшыларының алдағы кездесуіндегі іскерлік күн тәртібінің бір бөлігіне айналады.