Қытай мен АСЕАН елдері жасанды интеллект, цифрлық сауда және заманауи технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтіп келеді. АСЕАН-ның цифрлық экономика жөніндегі келісімі мен ҚХР-мен еркін сауда аймағын жаңғырту бұл үдеріске жаңа серпін береді.
Цифрлық экономика жөніндегі негіздемелік келісімге Манилада өткен АСЕАН-ның 49-шы саммитінде қол қойылды. Құжат электрондық коммерцияны, цифрлық төлемдерді және трансшекаралық қызметтерді дамытуға бағытталған. 2030 жылға қарай өңірдің цифрлық экономикасының көлемі 2 триллион долларға жетеді деп күтілуде.
1 желтоқсаннан бастап Қытай мен АСЕАН арасындағы еркін сауда туралы жаңартылған келісім (3.0 нұсқасы) күшіне енеді. Ол цифрлық экономика мен «жасыл» технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.
Қытайлық компаниялар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп жатыр. Мәселен, RunDo платформасы Малайзиядағы 3 мыңға жуық күн электр станциясының жұмысын бақылау үшін жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланады. Бұл техникалық қызмет көрсету тиімділігін 30 пайыздан астам арттыруға және қызметкерлерге жұмсалатын шығындарды 20 пайыздан астам қысқартуға мүмкіндік берді.
Қытай Таиландта 5G желілерін дамытуға, Малайзияда деректерді өңдеу орталықтарын салуға және трансшекаралық талшықты-оптикалық байланыс желілерін құруға да қатысып келеді. Сонымен қатар қытайлық төлем сервистерін пайдалану аясы кеңейіп жатыр. WeChat Pay арқылы Таиландта, Малайзияда және Сингапурда жергілікті QR-кодтармен сатып алынған тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуге болады.
Өз кезегінде АСЕАН елдері цифрлық инфрақұрылымға инвестиция көлемін арттырып жатыр. Таиланд жалпы құны 21,34 миллиард доллар болатын деректерді өңдеу орталықтарын құру жөніндегі 34 жобаны мақұлдады, ал Индонезия 2030 жылға дейінгі цифрлық экономиканы дамыту бағдарламасын таныстырды.
Сарапшылардың атап өтуінше, Қытайдың дамыған технологиялық базасы бар, ал шамамен 680 миллион халқы бар АСЕАН цифрлық қызметтер нарығы қарқынды өсіп келе жатқан өңір болып саналады.
Экономикалық серіктестік қазірдің өзінде рекордтық деңгейге жетті. 2025 жылы Қытай мен АСЕАН арасындағы тауар айналымы алғаш рет 1 триллион доллардан асты. Қытай 17 жыл қатарынан бірлестіктің ең ірі сауда серіктесі болып келеді, ал АСЕАН алты жыл қатарынан ҚХР-дың ең ірі сауда серіктесі мәртебесін сақтап отыр.
Жаңа келісімдер цифрлық интеграцияны жеделдетуге, трансшекаралық сауданы жеңілдетуге және Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашуға бағытталған.