Қытай 2030 жылға қарай жаңа энергетика саласының қалдықтарын қайта өңдеудің кешенді жүйесін құруды жоспарлап отыр. Негізгі назар электромобильдердің пайдаланылған аккумуляторларына, күн панельдері мен жел энергетикасы жабдықтарына аударылады. Алдағы жылдары мұндай жабдықтарды кәдеге жарату көлемі күрт өседі деп күтілуде.
Жаңа шаралар қайталама ресурстарды қайта өңдеуді дамытуға және қалдықтарды кәдеге жаратудың заманауи технологияларын енгізуге бағытталған басшылық құжатта қарастырылған.
ҚХР Экология және қоршаған орта министрлігінің бағалауынша, 2030 жылға қарай елде 2 миллион тоннаға дейін пайдаланылған күн панелі, шамамен 1 миллион тонна тартқыш аккумулятор және 500 мың тонна жел генераторларының қалақтары жиналуы мүмкін.
ҚХР Сауда министрінің көмекшісі Юань Сяоминнің хабарлауынша, электромобильдерге орнатылған аккумуляторлардың едәуір бөлігінің пайдалану мерзімі аяқталуға жақындап келеді. Сонымен қатар күн модульдері мен жел энергетикасы қондырғыларының құрамдас бөліктерін жаппай пайдаланудан шығару күтілуде.
Бұл мәселені шешу үшін Қытай аккумуляторларды цифрлық сәйкестендіру жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Ол аккумуляторлардың өндірістен бастап қайта өңдеуге дейінгі бүкіл өмірлік циклін қадағалауға мүмкіндік береді.
Жабдықтарды бөлшектеу және материалдарды қайта пайдалану технологияларын дамытуға ерекше назар аударылады. Кәсіпорындарға қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеуді автоматтандыру үшін жасанды интеллектіні белсендірек қолдану да ұсынылып отыр.
Қытайдың бұл салада қазірдің өзінде айтарлықтай өндірістік қуаты бар. Қазіргі уақытта салалық талаптарға сай келетін 148 кәсіпорын жылына жалпы көлемі 2,5 миллион тоннаға дейін пайдаланылған тартқыш аккумуляторды қайта өңдеуге қабілетті.
Сонымен қатар өндірушілерге қойылатын талаптар күшейтіліп жатыр. Жаңа экологиялық заңнама аккумулятор шығаратын компанияларға өз өнімдерін кейіннен кәдеге жарату жауапкершілігін жүктейді. Осындай міндеттемелер күн және жел электр станцияларының операторларына да қарастырылған.
Қайта өңдеу саласын дамыту Қытайдың жаңа энергетика индустриясының қарқынды өсуі жағдайында ерекше өзектілікке ие болып отыр. 2025 жылы электромобильдер, литий аккумуляторлары мен күн батареяларының экспорты 1,3 триллион юаньға (193,65 миллиард доллар) жуықтап, 27,1 пайызға артты.
2026–2030 жылдарға арналған тұйық циклді экономиканы дамыту жоспарына сәйкес, онжылдықтың соңына қарай ресурстарды қайта өңдеу саласындағы өндіріс көлемі 8 триллион юаньға жетуі тиіс.
2035 жылға қарай Қытай негізгі ресурстарды пайдалану тиімділігі әлемдік озық көрсеткіштер деңгейіне жететін толыққанды тұйық циклді экономика жүйесін қалыптастыруды көздеп отыр.