Қытай түрлі елдердегі теңіз өнімдерін өндірушілер үшін негізгі өткізу нарықтарының біріне айналып келеді. Норвегия албыртына, Мальтаның көк жүзбеқанатты тунеціне, Ресейдің Камчатка теңіз шаянына және Канада асшаяндарына қытайлық тұтынушылар тарапынан сұраныс артып отыр.
ҚХР Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қытай жалпы құны 24,93 миллиард доллар болатын шамамен 7,07 миллион тонна теңіз өнімін импорттады. Жеткізілім көлемі заттай есептегенде 2,05 пайызға, ал ақшалай мәнде 7,94 пайызға өсті.
Жан басына шаққандағы теңіз өнімдерін тұтыну жылына 54,47 келіге жетіп, 4,25 пайызға артты.
Албырт балығын ірі жеткізушілердің бірі Норвегия болып қала береді. Қытай қазірдің өзінде Норвегия өнімдерінің экспорттық нарықтары арасында екінші орынға шықты. Норвегия теңіз өнімдері кеңесінің бас директоры Кристиан Крамердің айтуынша, салқындатылған өнімдерді тасымалдаудың дамыған логистикалық жүйесі мен онлайн жеткізу қызметтері жаңа ауланған балықты қытайлық сатып алушыларға тапсырыс рәсімделгеннен кейін небәрі жарты сағат ішінде жеткізуге мүмкіндік береді.
Норвегиялық Leroy Seafood Group компаниясы өткен жылы Қытайдағы албырт сатылымы екі есеге артқанын хабарлады. Экспорттаушы 2026 жылы да жоғары өсу қарқынын сақтауды жоспарлап отыр.
Мальта да Қытайға өнім жеткізу көлемін белсенді түрде ұлғайтып келеді. Егер 2024 жылы балық өсіру шаруашылықтарында өсірілген көк жүзбеқанатты тунецтің Қытайға экспорты шамамен 200 тоннаны құраса, биыл Malta Fish Farming компаниясы 700 тоннаға жуық өнім жеткізуге келісімшарттар жасасып үлгерді.
Қытай нарығында Ресейдің Камчатка теңіз шаяны да елеулі орын алады. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында Ресей ҚХР-ға 24,6 мың тонна тірі теңіз шаянын жеткізді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға көп. Экспорт құны 27 пайызға өсіп, 698,6 миллион долларға жетті.
Ресейлік «Антей» компаниялар тобы Циндаода өткен халықаралық теңіз өнімдері көрмесінің қорытындысы бойынша 40-тан астам іскерлік кездесу өткізіп, қытайлық серіктестермен үш келісімшарт жасасты.
Канада да Қытай нарығындағы орнын нығайтып келеді. Pacific Prawn Fishermen's Association балықшылар қауымдастығының мәліметінше, Британдық Колумбия жағалауында ауланатын теңбіл асшаяндардың шамамен 85 пайызы Қытайға экспортталады.
Қытай нарығына қызығушылықтың артып отырғанын салалық көрмелердің ауқымы да көрсетеді. 29-шы China Fisheries & Seafood Expo көрмесіне 50 ел мен өңірден 1617 компания қатысты. Шетелдік қатысушылар саны 10 пайыздан астам өсті.
Қытайлық және шетелдік компаниялар теңіз өнімдерін жеткізудің жаһандық тізбектерін дамыту жөнінде де бастама көтерді. Ол стандарттарды өзара тануды, логистиканы жетілдіруді және сауда ынтымақтастығын кеңейтуді қамтиды.