Қытайдың 80-нен астам өнерпазы Афинада «Шығыстан бес жұлдыз көтеріледі» атты би драмасын сахналады. Шамамен 2000 жылдық тарихы бар көне жәдігерден шабыт алып қойылған спектакльдің еуропалық премьерасы төртінші Қытай-Грекия халықаралық театр фестивалінің шымылдығын ашты. Афинадағы Christmas Theater сахнасында өткен қойылым көрермендерді Қытайдың Хань әулеті дәуіріне (б.з.д. 202 жыл - б.з. 220 жыл) жетеледі.
Шығарманың негізгі желісі үш кейіпкердің тағдырына құрылған. Олар — Хань әулетінің қолбасшысы Фэн, солтүстіктегі тайпа көсемінің ұлы Цзяньтэ және ежелгі Цзинцзюэ қаласы билеушісінің қызы Чуньцзюнь. Өзара келіспеушіліктер мен сенімсіздікті еңсере отырып, олар бірте-бірте шынайы достыққа қол жеткізеді.
Қойылымға бірегей археологиялық олжа - 1995 жылы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы ежелгі Ния қонысының қирандыларынан табылған зерлі матадан жасалған жеңқаптың бір бөлігі негіз болған. Матаның бетінде «Шығыстан бес жұлдыз көтеріледі - бұл Орталық жазықтар үшін жақсылықтың нышаны» деген жазу сақталған.
Спектакльдің басты ерекшелігі - онда диалогтардың мүлде болмауы. Оқиға би, музыка, мәнерлі қимыл-қозғалыс және қытайдың дәстүрлі киімдері арқылы баяндалады.
«Әртүрлі өркениеттердің кездесіп, бір-бірін танып-білуіне мүмкіндік қажет. Бұл қойылымды Грекияға әкелу арқылы біз қытай және грек мәдениеттері арасындағы диалогты дамытуға үлес қосамыз деп үміттенеміз», - деді продюсер Дун Нин.
Грек көрермендері қойылымның ерекше сахналық үлгісін жоғары бағалады. Наталья Леонтараки қытай биінің үйреншікті классикалық балеттен өзгеше эмоциялық әсеріне назар аударды.
Ал қытай тілін үйреніп жүрген 14 жастағы Марилина Року өнерпаздардың қимыл-қозғалысындағы үйлесімділік пен түрлі түсті әсем костюмдер өзін ерекше таңғалдырғанын айтты.
«Бірде-бір көңілсіз сәт болған жоқ, тіпті бір секундқа да жалыққан жоқпын», - деп әсерімен бөлісті ол.
Қытай-Грекия халықаралық театр фестивалі Афинада 2023 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның мақсаты - екі ел арасындағы мәдени алмасуды дамыту.
Биыл «Шығыстан бес жұлдыз көтеріледі» спектаклі 13-15 қараша аралығында грек көрермендеріне ұсынылып, Қытайдың көне тарихы мен заманауи сахна өнерін бір арнаға тоғыстырды.