Қытай АТЭЫ-ға мүше экономикалар көшбасшыларының кездесуін үшінші рет қабылдауға дайындалып жатыр. 18-19 қарашада өтетін саммит бірнеше онжылдық ішінде шағын елді мекеннен елдің ең ірі технологиялық және өнеркәсіптік орталықтарының біріне айналған Шэньчжэнь қаласында ұйымдастырылады.
Шэньчжэньнің тарихы Қытайдағы экономикалық өзгерістердің ауқымын айқын көрсетеді. 1980 жылы қала алғашқы арнайы экономикалық аймақтардың біріне айналып, мұнда шетелдік инвестицияларды тартудың, өндіріс пен халықаралық сауданы дамытудың жаңа тетіктері сынақтан өткізілді.
Реформалардың табысты жүзеге асуы елдің әлемдік экономикаға одан әрі интеграциялануына ықпал етті. 1991 жылы Қытай Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығына (АТЭЫ) қосылды, ал он жылдан кейін Шанхайда ұйымға мүше экономикалар көшбасшыларының кездесуін алғаш рет қабылдады.
2001 жыл Қытай экономикасы үшін бетбұрыс кезеңіне айналды. Желтоқсан айында Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіріп, шетелдік нарықтарға кеңірек қол жеткізді және сонымен бірге өз нарығын халықаралық бәсекелестікке ашты.
Нанькай университеті жанындағы АТЭЫ зерттеу орталығының директоры Лю Чэньяңның айтуынша, АТЭЫ-ға қатысу Қытайдың ДСҰ-ға кіруге дайындалуына көмектесті. Өңірлік ынтымақтастықтың икемді тетіктері елдің экономикалық тәжірибесін халықаралық стандарттарға біртіндеп бейімдеуге мүмкіндік берді.
Кейінгі жылдары Қытай өнеркәсіп өнімдерін өндіруші және экспорттаушы ірі елдердің біріне айналып, «әлемдік фабрика» мәртебесін нығайтты. Сонымен қатар ел шетелдік компаниялар мен инвесторлар үшін аса маңызды нарыққа айналды.
Ширек ғасыр ішінде халықаралық сауда шарттары да айтарлықтай өзгерді. 2001-2025 жылдар аралығында Қытайдағы кедендік баж салығының орташа мөлшерлемесі 15,3 пайыздан 7,3 пайызға дейін төмендеді.
2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай елге жинақталған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 4 триллион доллардан асты. Бұл 2001 жылғы көрсеткіштен шамамен он есе көп.
Сонымен қатар соңғы жылдары Қытайдағы тікелей шетелдік инвестициялардың табыстылығы шамамен 9 пайыз деңгейінде сақталды. 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында шетелдік компаниялардың Қытай экономикасына қайта инвестициялаған пайдасының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға өсті.
Бүгінде Қытай дәстүрлі өндірістегі ғана емес, жасанды интеллект, цифрлық экономика және заманауи өнеркәсіптік технологияларды қоса алғанда, жоғары технологиялық салалардағы позициясын да нығайтуға ұмтылып отыр.
АТЭЫ хатшылығының атқарушы директоры Эдуардо Педроса елдің ашық экономиканы дамытудағы рөлін жоғары бағалады. «Қытай ашықтықты ілгерілету үдерісінде аса көрнекті көшбасшыға айналды», - деп атап өтті ол.
Шэньчжэньде өтетін кездесу 2001 жылғы Шанхай және 2014 жылғы Бейжің саммиттерінен кейін Қытайдың АТЭЫ қызметіне қатысуындағы келесі маңызды кезең болмақ. Негізгі назар Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі экономикалық интеграцияны одан әрі тереңдетуге, инновацияларды дамытуға және ынтымақтастықты кеңейтуге аударылады.