Еркін сауда, жасанды интеллект, цифрлық экономика және орнықты даму 18-19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығына (АТЭЫ) мүше экономикалар көшбасшыларының 33-ші кездесуінің негізгі тақырыптарына айналады.
Саммит «Ортақ өркендеу жолында Азия-Тынық мұхиты қоғамдастығын құру» ұранымен өтеді. Әлемдік экономикадағы белгісіздік жағдайында қатысушылар өңірлік интеграцияны нығайту, протекционизмге қарсы іс-қимыл жасау және жеткізу тізбектерінің орнықтылығын арттыру мәселелерін талқылайды.
Азия-Тынық мұхиты еркін сауда аймағын құру бастамасын ілгерілетуге, өңір экономикалары арасындағы өзара байланыстарды дамытуға, цифрлық технологиялар мен инновацияларға ерекше назар аударылады. Кездесу қорытындысы бойынша АТЭЫ көшбасшыларының декларациясын қабылдау жоспарланып отыр.
Саммитке дайындық 2026 жыл бойы жүргізілді. Қытайдың АТЭЫ-ға төрағалығы аясында өңірлік экономикалық ынтымақтастыққа арналған 300-ден астам кездесу мен іс-шара өтті.
Шэньчжэньде 17-18 қарашаға жоспарланған АТЭЫ іскерлік саммиті (APEC CEO Summit) де өтіп жатыр. Оған сауда, инвестициялар, жасанды интеллект және орнықты даму мәселелерін талқылау үшін әлемдегі ірі компаниялардың басшылары мен іскерлік бірлестіктердің өкілдері қатысуда.
Қытайдың жетекші технологиялық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі саналатын Шэньчжэнь экономикалық интеграцияның жаңа тәсілдерін әзірлеу және Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылайтын алаңға айналады.